Қазақстандық өнерпаздар «Ұлы дала театры» атауымен Еуропа астаналарын аралап, турға аттанды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған сапар желтоқсанның басында Парижде басталып, Берлин, Вена, Брюссельде жалғасып, 14-і күні Мәскеуде аяқталады. Еуропалық өнер сүйер қауымның назарына «Astana musical» театры мен алматылық неміс театры «Қыз Жібек» мюзиклы мен Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясын ұсынады. Жібек туралы лиро-эпостық дастан фольклорлық жанрда әзірленсе, Әуезовтың «Қарагөзі» алғаш рет неміс тілінде орындалады.

АСХАТ МАЕМИРОВ, «ASTANA MUSICAL» МУЗЫКАЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - «Қыз Жібектің» біз көріп жүрген классикалық «Қыз Жібектен» айырмашылығы, симфониялық оркестрге негізделген, бүкіл ноталардың барлығын біз фольклорлық этнографиялық ансамбльге негіздеп жаздық. Яғни қаймағын бұзбай, бұрын Күләш апаларымыз, Құрманбек Жандарбек, Қаныбек Бәйсейітовтер отызыншы жылдардың басында қалай айтты, біз солай тура айтқымыз келіп тұр. Бұл біздің бабаларымыздан келген мұраға тазалығымызды, адалдығымызды білдіреді.

НАТАЛЬЯ ДУБС, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ НЕМІС ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз үшін Еуропадағы қойылымның маңызы зор. М.Әуезовтың «Қарагөз» туындысын еуропалық аудиторияға лайықтау үшін Гете институтымен төрт жыл бірлесіп жұмыс істедік. 2012 жылы қолға алған жобаны бүге-шүгесіне дейін тексеріп, кемшілік жібермеуге тырыстық. Қазақстандық неміс театры осыған дейін Еуропа елдерін де бірнеше рет болса да, қазақ шығармасымен шығып көрмепті. Бұл қойылымға барлық күш-жігерімізді жұмсадық. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер