Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы тауы халықтың рухани тынығатын және тарихпен танысатын орнына айналмақ. Ол үшін «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығын абаттандыру жобасы жасалып жатыр. Онда түрлі шара өткізетін амфитеатр және өткеннен мағлұмат беретін музей салу жоспары бар. Ордабасы – нәубет заман «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін қазақ халқының еңсесін қайта тіктеп, ары қарай бірлікте болуға бәтуаласқан жер. Осында үш жүздің биі бас қосып, жоңғар шапқыншыларына қарсы қол жинауды бастайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ордабасыда түркі тілдес, көрші үш мемлекет –Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның басшылары кездеседі. Мұнда тарихи-мәдени қорық құрылған.

БАҚЫТЖАН ӘШІРБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖӨНІНДЕГІ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Ордабасы – қазақ елінің бірлігін насихаттайтын, ынтымағын насихаттайтын, бүкіл еліміздің рухын көтеретін киелі орын. Сондықтан да оны қайтадан жаңғыртып, елімізді үлгі көрсететін, өзінің кие тұтатын орынына ту тіксек деген ойымыз бар.

Шығысында қарт Қаратау мен ақбас Алатау, оңтүстігінде дана Қазығұрт көрініп тұрған Ордабасының айналасы жазық дала. Жергілікті билік аймақты табиғатты тамашалап, рухани тынығып, ойын тазартатын орынға айналдырмақ. Қорықта табиғатпен үйлесіп жататын амфитеатр салынады.

БАҚЫТЖАН ӘШІРБАЕВ, «СӘУЛЕТ БЮРОСЫ» КМК ДИРЕКТОРЫ:

 - Ол жерде музейден басқа алып нысандар болмайды. Ал музейдің өзін жергілікті ландшафтты бұзбай, көтеруге тырысамыз. Бүгінгі күні техникалық әдіс-тәсілдердің көмегімен ондай құрылысты тұрғызуға мүмкіндік жеткілікті. Сондықтан ол қиындық тудырмайды деп ойлаймын.

РАШИД ҚАЙЫПЖАНОВ, ОҚО ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Абаттандыру жұмыстары да сол бағытта жүргелі жатыр. Соған халық барған кезде ескіден, тарихтан сыр шертетіндей, содан бір жақсы әсер алатындай көріністі «Рухани жаңғыру» аясында жасаймыз.

Еліміздің түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттерден келіп, туристер демалатын кешеннің құрылысын 2018 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер