Қазақстанның сакралды орындары толық ақпаратты «Рухани жаңғыру» ақпараттық порталынан оқып-білуге мүмкіндік бар. Бүгінде аталған ресурстың танымдық тұрғыда пайдасы артып келеді, дейді сарапшылар. Оған еліміздің киелі жерлері, дәстүрі мен мәдениеті және басқа да теңдессіз құндылықтары жайлы жүздеген материал орналастырылды. Киелі орындар картасын еліміздің әрбір өңірі жасап жатқаны белгілі. Мысалы, Шығыс Қазақстанда оған 40-қа жуық нысан енгізілді. Солардың бірі ұлы Абай туып-өскен Жидебай мен Ақтас тауындағы «Қоңыр әулие» үңгірі туристер үші аса тартымды. Бұл өлке сырлы аңыздарымен ерек, емдік қасиеті бар суымен бөлек.

ДАНИАЛ АХМЕТОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

 - Біз «Қоңыр әулие» сияқты мінәжат орындарында ғылыми жұмыстарды жетілдірдік. «Қоңыр әулие» Шәкәрім, Абай, Мұхтар сияқты даналарымыздың есімімен тығыз байланысты. Ал Семей Достоевскийімен, Шемонаиха ауданы Ивановымен белгілі. Осылайша біз сакралды және географиялық сипатына сай арнайы әдеби шеңбер қалыптастырып, бағыттар дайындап отырмыз.

Енді аталған орындар «Шығыс Қазақстанның әдеби белдеуі» атты жаңа жобаның негізі болмақ. Өңірдің киелі жерлерінің картасына өзге де нысандар енгізілді. Атап айтатын болсақ, Берел мен Шілікті жазықтары, Абылай-кит будда монастырі. Соңғысын егжей-тегжей зерттеу көзделіп отыр.

КАРЛ БАЙПАҚОВ, АРХЕОЛОГ:

 - Бұл ескерткіш – мәдениеттің, медицинаның дамыған ортасы. Бұл өлкеде жерді жырту, бау-бақша өсіру де жақсы дамыған. Сондықтан, біз зерттеп жатқан ескерткіш буддизмнің бар ерекшелігін айғақтайды.

Киелі картаға Ашутас пен Қиын керіш табиғи ескерткіштері де енгізілуі мүмкін. Оларда Жердің 40 миллион жылдан асатын тарихының сыры жатыр, дейді ғалымдар. 

СЕРГЕЙ СТАРИКОВ, ШҚО ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Ашутас тауының әр қатпарынан облыстағы ғана емес, әлемдегі тіршіліктің өзгерісін байқауға болады. Бұл тарих топырақ қатпарынан анық байқалады. Өйткені Ашутаста әлемнің еш жерінде кездеспейтін жануарлар мен өсімдіктердің 45 түрі бар.

Ал Ақмола облысы бойынша қазір киелі жерлер картасына 36 тарихи нысан енсе, республикалық картаға 10 жер енгізілген. Бұл тізім әлі де толықтырылуы мүмкін. Ақкөл ауданының тарихшылары мен жергілікті тұрғындар 18 ғасырда елді жоңғарлардан қорғаған Қазы батыр қорғанын зерттеуді ұсынып отыр. Бейіт Урюпинка ауылының маңындағы Дөңгелекқау деп аталатын аумақта орналасқан. Айтуларынша, онда батыр мен оның 20 сарбазы жерленген.

ҚУАНЫШ ШАҚШАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазір Ақмола облысында осындай жерлер көп шығып жатыр. Кеше ғана Жақсы ауданынан келіп, жергілікті адамдар, бір би мен бір батырдың қорғандарын ұсынып жатыр. Біз әрине, ол жұмыстарды зерттейміз. Ол жөнінде ақпарат жинаймыз және осы киелі жерлер картасына енгіземіз.

Атырауда да «Қазақстанның киелі орындарының» картасы күн санап жаңа жәдігерлермен толығып келеді. Дәлірек айтқанда, бұл жобаға бұрын төрт тарихи нысан енсе, енді олардың саны алтыға жетіп отыр. Индер ауданындағы «Тұздыкөл» және сарматтар заманының ескерткіші -Жылыойдағы «Иманқара» үңгірі де картаға енгізілмек. Оларға қатысты аңыз-әңгімелер мен естеліктер жетерлік. Сондай-ақ Алтын адам табылған Арал төбені де тізімге енгізу талқыланып жатыр. 

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз 19 ғасыр мен орта ғасырлармен шектелмеуге тиіспіз. Көне замандардың тарихын да білуіміз керек. Қазіргі кездегі басты міндетіміз – ескерткіштерді емес, рухани құндылықтарымызды, көне заманнан бастап бүгінгі күндерге дейінгі төл тарихымызды түгендеу.

Қазақстанның бірегей археологиялық ескерткіштерімен, халқымыздың тарихи бай мұрасымен ниет танытқан әр адам, шетелдік туристер де таныса алады. Өйткені Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген барлық нысандар жаңа туристік бағыттарға кірістірілмек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер