Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру кезінде барлық шетелдік терминдер мемлекеттік тілдің ережелеріне бейімделетін болады. Алматыда этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесуде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек осылай мәлім етті. Басқосуға келген ғалымдар латын қарпіне ауысқан түркі мемлекеттерінің тәжірибесін талқылады. Олардың айтуынша, жергілікті тілдің ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми ұғымдарды дұрыс аударудың тетіктері бүкіл әлемде бар. Егер шет тілге ғана тән әріптер әліпбиде болмаса, термин аударылуға тиіс. Бүгінде қазақ тілінде 30 миллион сөз бар. Алдағы бірнеше жылда сөз саны 100 миллионға жетуі мүмкін. Осындай тіл байлығымен терминдерді аударуда қиындық тудырмайды, дейді филолог-мамандар.

ЕРДЕН ҚАЖЫБЕК, А.БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әрбір терминге мысалы, оның мағынасына сәйкес келетін, оны жан-жақты ашатын бірнеше сөз табуға болады. Кез келген тілге қабылданатын әрбір термин сол тілдің заңдарына қарай бейімделеді. Мысалы, «Пари» емес, «Париж» десе, Бейжіңді Пекин дейді. Біз де қазақ тілінің фонетикалық, орфоэпиялық және басқа да нормаларын бұзбай, шетелдік терминдерді қазақша айтуға тиіспіз. Бұл бүкіл әлемде қолданылып отырған тәжірибе.

Ал Петропавл қаласында латын әліпбиін үйрету орталығы ашылды. Сабақтар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тегін жүргізіледі. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Тәлімгерлер қазақ қаріптерін латын графикасы бойынша оқып, жазуды үйренеді. Орталықтың ашылуына орай ерекше көрме ұйымдастырылды. Онда латын әріптерімен жазылған 100-ден астам тарихи құжат қойылған. Олардың ең құндысы – 1938 жылы жарық көрген «Жамбыл» кітабы.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, ЛАТЫН ӘЛІПБИІН ҮЙРЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бірінші кезекте, біз аға буын өкілдерін оқытуды жоспарлап отырмыз, өйткені балалар мен жастар латын әліпбиін жақсы біледі. Және де алдағы уақытта үйде де отырып, онлайн режимінде оқыту мүмкіндігін қарастырамыз. Одан бөлек, мәтінді латын қарпіне тез арада ауыстырып беретін ұялы қосымша, компьютерлік қосымша әзірлеу жоспарымызда бар.

Қазақстандағы тіл реформасы шетелде де қызу талқылануда. Гази Ахмет университетінің профессоры Бижан Ержиласунның пікірінше, латын қарпіне көшу заман ағымына сай қолға алынған ауқымды мәдени жоба. Техника тілі - латынды енгізу ғылым мен білім саласын дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды, дейді түркітанушы. 

АХМЕТ БИЖАН ЕРЖИЛАСУН, УЧЕНЫЙ-ТЮРКОЛОГ:

 - Латын әліпбиіне көшу – мәдени жоба. Оның алғашқы қадамын түркі тілдес халықтар 1920-шы жылдары бастаған болатын. Кейінірек 90-шы жылдары бұл мәселе қайта көтерілді. Егер әлемнің дамыған өркениетті елдерінің көбі латын графикасында екенін есепке алсақ, онда Қазақстанның бұл мәдени кеңістікке бет бұрысы – заңдылық деп бағалауға болады. Алайда дыбыстарды таңбалауда қателікке бой алдырмауыңыз тиіс. Менің формулам – «бір дыбыс бір әріп» саяды. Өйткені оған кәзір технология толық мүмкіндік беріп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер