Қазақстанның латын қарпіне көшу қадамын латвиялықтар қолдап отыр. «Жаңа реформаны жүзеге асыру үшін ұлттық комиссия құру – дұрыс шешім»,-дейді Латвия мен Қазақстанның серіктестігі туралы парламенттік топтың мүшесі Андрей Клементьев. Сондай-ақ, ол Қазақстанның бұл бастаманы сәтті жүзеге асыратынына сенімді.

АНДРЕЙ КЛЕМЕНТЬЕВ, ЛАТВИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Жеті жыл. Бұл бір жағынан ұзақ көрінгенімен, реформаның маңыздылығын ескерсек, өте аз. Тіл дегеніміз - елдің байлығы. Оны жас ұрпақ неғұрлым көп білсе, әлемде соғұрлым бәсекеге қабілетті болады. Кез келген жағдайда, сапаға әсер етпеу үшін, реформа асықпай, бірқалыпты жүргізілуі тиіс. Сол үшін алдағы қиын жолда тек сәттілік тілейміз.

Қазақ елінің жаңа латын әліпбиіне көшуі уақтылы жасалған сәтті қадам. Бұл арқылы күллі түркі әлемімен рухани байланыс жасауға үлкен мүмкіндік туады. Латвия журналистері одағының басшысы әрі университет доценті Юрис Пайдерс осындай пікірде.

ЮРИС ПАЙДЕРС, ЛАТВИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ:

 - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа әліпбиге көшу туралы шешімін, жан-жақты ойластырылып жасалған қадам дер едім. Себебі, бұл тек қазақ елі үшін ғана емес, күллі түркі тілдес халықтардың рухани бірлігі үшін қабылданған шешім. Осы арқылы, түркі тілдес елдердіҢ бірлігі бекем болары сөзсіз.

Қазақстандағы тіл реформасы – елдің дамуы мен халықтың бірігуіне бағытталған тарихи және символикалық оқиға, дейді экономикалық сарапшы, публицист Людмила Прибыльская. 

ЛЮДМИЛА ПРИБЫЛЬСКАЯ, ПУБЛИЦИСТ:

 - Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзін көреген саясаткер ретінде танытты. Дегенмен, бұл бастаманың қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді. Ал, тәжірибелік жағынан қарайтын болсақ, әлемдегі барлық ұлттардың тіліне қарағанда, ағылшын тілінің үлесі басым. Себебі ол халықаралық байланыс және бизнес тілі.

Еске салсақ, Қазақстанда 32 әріптен тұратын жаңа әліпби бекітілді. Онда қазақтың төл дыбыстарын апострофпен белгілеу шешілді. Жалпы, республика 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жаңа тіл таспасына көшуді жоспарлап отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер