Түркияда Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шара аясында түбі бір түрік ағайындар қазақ мәдениетінен рухани азық алып қайтты. Анкарада Юнус Эмре мәдениет орталығында фото көрме қанат жайды. Онда қонақтар кең-байтақ отанымыздың сұлу табиғаты мен көрікті орындарын тамашалап, қазақ жазушыларының түрік тіліне аударылған туындыларымен таныса алды.

АБЗАЛ САПАРБЕКҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бұл шараның ең басты мақсаты Елбасымыздың рухани жаңғыру үндеуінің шеңберінде өтіп жатыр десек болады. Осының арқасында бай қазақ елі бар. Өнері мен әдет-ғұрпы түркі халықтарының ішіндегі ең бай екенін көрсету мақсатымен өткізіп жатырмыз. Барлық түркі халықтарына, оның ішінде бауырлас, дос қазақ-түрік халқына осы мереке құтты болсын дегім келеді.

Қазақстанның Түркиядағы мәдени күндері қазақ өнерпаздарының Анкара төрінде қойған көңілді концертімен әрлене түскендей. Мерекелік кешке қос елдің мәдениет саласының өкілдері мен дипломаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы мен жергілікті қазақ диаспорасы қатысты. Жиылған көпшілік қазақтың ұлт-аспаптарының сүйемелдеуімен халық әндері мен күйлерін тыңдап, мың бұралған бишілердің өнерін тамашалады.

НҰРАН КАМЗИН, «ҚАЗАҚ ӘУЕНДЕРІ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өтті. Көрермен әрбір өнерпазды өте ыстық ықыласпен қарсы алды. Біз өнерсүйер қауым үшін қазақтың ұлттық биін билеп, әнін шырқадық. Сондай-ақ жергілікті халыққа тосын сый жасау мақсатында мерекелік кеште түріктің танымал музыкалары мен билерін де орындап шықтық. Өнерімізді көрермен жақсы бағалады деп ойлаймыз.

БЮКРЕ ГӨКДОҒАН, КӨРЕРМЕН:

 - Концерт керемет өтті. Кештен әсерленіп қайтып барамыз. Меніңше осындай шаралар арқылы халықтар бір-бірлерінің мәдениетін, дәстүрін жақыннан тани бастайды. Ортақ тұстарымыз да өте көп екен. Мұндай концерт жиі өткізіліп тұрса деймін.

Мерекелік кештің басты қонағы – ноғайдың танымал әншісі Арсланбек Сұлтанбеков болды. Ол түркі әлемінің «Отау» ансамбілімен бірге Түркияда аты шыққан «Домбыра» әнін шырқап, қазақ-ноғай жыр-термелерін толғады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер