Қарағанды облысында қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлау шаралары мәресіне жетті. Данышпанның мерейтойы туған жерінде бір жыл көлемінде аталып өтті. Қарағанды қаласына алыс жақын шет елден келген қонақтар Бидің ескерткішіне тағзым етті. Одан кейін Қарағанды мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған «Қаз дауысты Қазыбек би және оның тарихи заманы» атты монографияның тұсаукесеріне қатысты. Тағылымы мол шара халықаралық ғылыми практикалық конференцияға ұласты.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Өткенді білмей бұқаралық сана жаңғыруы мүмкін емес. Біз ұлттық код дейміз, ұлттық кодты ояту арқылы ғана біз жаңғыра аламыз. Ұлы Қазыбек бидің мұрасы қоғамдық сананы жаңғыртудың факторы деп конференция тақырыбында атағанымыз да содан.

Конференцияда Қазыбек бидің қазынасы, тарихи бейнесі мен шешендігі баяндалды. Ғалымдар Қаз дауысты Қазыбек биден қалған мұраны толыққанды зерттеп жас ұрпаққа аманат ету басты міндет екенін тілге тиек етті.

АЛДАН СМАЙЫЛ ЖАЗУШЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЛАШ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ:

 - Қазыбек бидің туған жерінде жыл сайын қазақтың шешендік өнерінің байқауын өткізіп тұруымыз керек. Ел басқарған тұлғалардың шешендік өнерін үйрену керек, сол билер сияқты сөйлей білуіміз керек. Ол сол Қазыбек бидің ғана қасиеті болып кетпеу керек. Ұрпақтан ұрпаққа осы шешендік өнерді алып шығуымыз керек.

Қонақтар Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында қойылған «Қаз дауысты Қазыбек би» спектаклін тамашалап, Қазақстанның Ұлттық мұражайы қорынан облыстық өлкетану мұражайына жеткізілген Қаз дауысты Қазыбек бидің шапанын таныстыру көрмесіне қатысты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер