«Астана Балет» театрының труппасы Париждегі атақты Саль Плейель концерт залында өнер көрсетті. Кеш бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің қойылымымен ашылды. Француз көрермендері отандастарымызды құрметтеп, қошеметтеп қарсы алды.

АЙГҮЛ ТӘТИ, ХОРЕОГРАФ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Біз үшін бұл үлкен мәртебе, біздің ұжым үшін. Бұл ерекше бағдарламаға біздің әртүрлі отандық және шетелдік хореографтардың хореографиялық қойлымдары еніп отыр. Соның ішінде өзіміздің бетке ұстар ұлттық нақышпен қойған хореография. Ол ұлттық билерден құралған.

МИХАИЛ ШЕМЯКИН, РФ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, ФРАНЦИЯ ТҰРҒЫНЫ:

 - Өнер адамдары түрлі елдер арасындағы мәдени көпір іспеттес. Мен Мариин театрында 8 жыл жұмыс істедім. Болгарияда, Венгрияда көптеген балет қойылымдарын өткіздім. Сіздердің елдеріңізден келген артистердің өнері жоғары деңгейде екенін айтқым келіп отыр. Өзіндік бір ұлттық нақышы бар. Сонымен қоса шығыс әйелдерінің пластикасы өте ерекше болады.

«A Fuego Lento» танго-балеті көрермендерді өз иірімінде толқытса, «Ұлы дала мұрасында» қазақтың кең байтақ жерін көз алдыңа әкеледі.

ЙИ ЧОУ, ЛОС-АНДЖЕЛЕСТЕН КЕЛГЕН ПРОДЮСЕР:

 - Атақты Саль Плейель залында отырып, Азия музыкасын тыңдау мен үшін үлкен құрмет. Балет тамаша өтті. Көзіме жас келген сәттер де болды. Шығыс мәдениетінің ары қарай да бүкіл әлем бойынша кең етек жая беруіне тілектеспін.

ЖОАО МАНУЭЛЬ СЕБАСТЬЯО НЕТО, АНГОЛАНЫҢ ЮНЕСКО ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Өзім Қазақстанның бай мәдениетімен танысқаныма зор қуаныштамын. Керемет балет болды. Құттықтаймын! Сәті түссе тағы да келер едім. Жоғары деңгейде өнер көрсеткендеріңіз үшін рақмет!

Кеш танымал «Клеопатрадағы» көрініспен аяқталды. Сөйтіп, француз көрермендері отандастарымызды сахнаға қайта-қайта шақырып, сүт пісірім уақыт жібермей қошемет көрсетті.

ЕЛИЗАВЕТА ЧЕРКАШИНА, ФРАНЦИЯНЫҢ ОПЕРА ӘНШІСІ:

 - Тамаша балет болды. Жарайсың, Қазақстан! Осындай керемет қойылымдардан кейін өмірге деген құштарлығың арта түседі.

Енді қараша айының басында «Астана Балет» Брюссельде, кейін Еуропаның өзге қалаларында да өнер көрсететін болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер