Киелі Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл өңірлерінен тас ғасырына тиесілі тұрақтар табылды. Адамзаттың алғашқы өкілдері мекен еткен 20 үңгірді осы күзде отандық және жапондық ғалымдар бірлесіп ашып отыр. Бұған дейін зерттелмеген ескерткіштерден арғы бабаларымыздың еңбек құралдары мен тұрмыстық қалдықтары, жан-жануарлардың сүйектері табылған. Экспедиция Ежелгі дәуірдегі Қазақстан аумағындағы адам эволюциясы ортақ әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі болғанын тағы бір айқындап отыр дейді, мамандар.

САДАКАЦУ КУНИТАКЕ, НАРА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ /ЖАПОНИЯ/:

 - 600-700 мың жыл бұрын Африка құрлығынан Азия аумағына қоныстанған алғашқы адамдар Қазіргі Оңтүстік Қазақстан жері арқылы өткендігі мәлім. Осы жерге тұрақтап, кейін барып Жапония аумағына тараған. Біз сол жеткен тайпалық қауымның ұрпағымыз. Осыны айғақтайтын құнды жәдігерлерді алғаш болып табу мәртебесі бұйырды. Табылған жәдігердің қайсысы болмасын тарих қойнауында  жатқан жаңалық. Бұл біздің ортақ тарихымыз.

Сондай-ақ, жоба аясында Алматы облысынан да палеолит кезеңінің ескерткіштері табылды. 8 метр тереңдіктен алғашқы адам іздері анықталып отыр. Тек бұл жолы қазба жұмыстарын қазақстандық археологтар неміс әріптестерімен жұмыла атқарыпты. Нәтижесінде біздің заманымызға дейінгі 37 мың жыл бұрынғы жәдігерлер жер бетіне шықты. Ел аумағында тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу мұнымен шектелмейді.

ЖАКЕН ТАЙМАҒАМБЕТОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Өткен тамыз айынан Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында ресейлік археологтармен қазба жұмыстарын бастадық. 6 метр тереңдікте алғашқы адамның тұрағы табылды. Тек бір ғана шаршы метр жерден тас дәуіріндегі адамның қолымен жасалған 1,5 мыңға тарта жәдігер шықты. Онда еңбек құралдарынан бастап жануарлардың сүйектеріне дейін жақсы сақталған. Қазір бұл жәдігерлердің жасы шамамен 40 мың жыл екендігі анықталып отыр.

Көне жәдігерлер табылғанымен, сырлы сыры көп. Ендігі кезекте әрбірі жіті зерттеліп, нақты қызметі мен уақыты анықталмақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған халықаралық жоба 5 жылға бекітілген. Сондықтан бұл үлкен тарихи жаңалықтардың тек басы, дейді ғалымдар.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер