Ел өңірлерінде қазақ тілін латын қарпіне көшіру реформасына қатысты талқылау жалғасуда. Семейде «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» республикалық жобасының аясында басқосу өтті. Жиынға студенттер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары, теміржол және әуежай қызметкерлері қатысып, маңызды науқанның егжей-тегжейімен танысты. Әсіресе бұл әліпбиді бізден бұрын қабылдаған түркі тектес мемлекеттердің қателіктерін қайталамай, дайындық жұмыстарын кезең-кезеңмен жүйелі ұйымдастыру жайы сөз болды.

ДОС КӨШІМ, САЯСАТКЕР:

 - Біріншіден, біз 29-шы жылы латын тілін қабылдағанбыз. Сонымен жазғанбыз, оқығанбыз. Қазақ халқына түсінікті болды. Үлкен қиыншылық келтіре қойған жоқ. Және екіншіден, біздің алдымызда Әзербайжан, Өзбекстан, және Түркменстанда да қиыншылық болды. Өзбекстанға 2 рет реформа жасауға тура келді. Сондықтан біз олардың кеткен кемшіліктерін жібермеуге тырысамыз және оны қазір зерттеп жатырмыз.

Филолог Аман Абасілов латын қарпі қазақ тілінің фонетикалық жүйесінің толық сақталуына мүмкіндік береді деген пікірде. Профессордың пікірінше, жаңа қаріпке көшу процесі фонетика саласы мамандарынан белсенділікті талап етеді. Тіл маманы қазақ тілінің барлық жүйесін қамтитын теориялық тұжырымдама жасауды ұсынады. «Бұл жүйе мемлекеттік тілдің ауызша айтылуы мен жазбаша нұсқасының арасындағы байланысты нығайтады»,-дейді ғалым.

АМАН АБАСІЛОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ПРОФЕССОР:

 - Тіл мамандары бас қосып, қазақ тілінің фонетикалық, фонологиялық, грамматикалық салаларындағы мәселелерді шешуі керек. Тілдегі кірме сөздер бар, басқа да сөздердің қалай жазылуын қамтитын тұжырымдама жасау керек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер