Латын әліпбиіне көшу бірінші кезекте, әлемдік өркениетке жол ашып, қоғамдық сананы жаңғыртады. Солтүстікқазақстандық ғалым Зәуре Қартованың пікірі осындай. Кейінгі толқын жастармен кездескен тарих ғылымдарының кандидаты бұл бастаманың маңыздылығы жайында сөз етті. «Тіл- халықтың болашағы. Сондықтан, жаңару жолында жасалатын әрбір қадам нық болуы керек», - дейді ол.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Тілдік ерекшеліктерді өзіміздің әліпбиімізге тиімді ету, дыбыстық ерекшеліктерімізді жоймау, тіл мәселесін одан әрі дамыту, осының барлығын қазір жалпы қауым болып дұрыс талдап, дұрыс шешімге келуіміз керек. Біріншіден, бұл түрік әлемімен жақындасу мәселесін тездетіп дамытуға мүмкіндік береді. Екіншіден, компьютерлік-ақпараттық жаңалықтарды іске асыруға және технологияны меңгеру мәселесіне тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Тіл мамандары қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасымен танысып шыққан. Онда ұсынылған диграфтарды дәйекшеге ауыстыру - жазуға да, меңгеруге де қолайлы дейді.

ЕЛДОС ТҮЙТЕ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:

 - Бүгінгі күнде кирил әрпімен орфографиялық нормаға сай жазылып және дыбысталып кеткен сөздерді қайтадан қалыпқа келтіруде, сонымен қатар түркі тектес халықтармен, алыс шет елде тұрып жатқан қазақтармен бір интеграциялық байланыс орнатуға, сондай-ақ, ағылшын тілін меңгеруге, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне берері мол деп есептейміз.

Филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова да дыбыстарды дәйекше арқылы белгілеу үлгісін қолдап отыр. Себебі бұл айтуға да, жазуға да жеңіл. «Дәйекшені кезінде Ахмет Байтұрсынов та қолданған. Бір дыбыс, бір әріп қағидасына сүйенсек, тіл заңдылығын да бұзбаймыз»,-дейді ол.

ҚҰРАЛАЙ КҮДЕРИНОВА, СҮЛЕЙМАН ДЕМИРЕЛЬ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Дәл осы дәйекше 29-да латынға көшкенде ең алғашқы ұсынылған әліпбиде болған. Ең алғаш бізде 27 жылы «Тілші» газетіне мақала шыққан. Сонда 24 әріптен, бір дәйекшеден тұратын әліпби ұсынылды. Бұл болды. Бұл біршама жеңіл. Яғни осы бағытта, бір дыбыс, бір әріп бағытынан таймауымыз керек. Сондай жұмыс істеуіміз керек. Осы әліпбиді жетілдіруіміз керек.

Филолог ғалымның пікірінше, латын әліпбиіне көшу арқылы санасы жаңғырған ұрпақ өсіруге мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ, түркі жазуларымен бір графикада болуға, басы артық әріптерден арылып, ақпараттық технологияларды еркін меңгеруге жол ашылады». 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер