Парижде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы таныстырылды. Маңызды шара ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтті. Қоғамды рухани жаңғыртудың басты мақсаты Қазақстанның тұрақты дамуына бағытталған.

АИДА БАЛАЕВА, ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Бағдарламаны жаһандық деңгейде таныстыру өте маңызды. Сол себепті ЮНЕСКО алаңы таңдалды. Дәл осы ұйымның мақсаты мен міндеттері қазақстандық жаңғыртудың үлгісімен үйлесіп тұр. Бүгін осы бағдарламаны таныстыра отырып, оның жүзеге асуына септігін тигізетін сындарлы диалог пен жақсы ұсыныстар күтеміз. Сондай-ақ, Қазақстанның жаңғырту үлгісі халықаралық қауымдастыққа пайдалы болады деген сенімдеміз.   

ИРИНА БОКОВА, UNESCO БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан Президентінің көзқарасы болашаққа бағытталып отыр. Біз тарихи мұра, археология, салт-дәстүрді сақтап жүрміз. Бұл өте маңызды іс. Менің ойымша өз елін қадірлеу үшін жас ұрпақ тарихын зерттеп білуі қажет. Сол себепті мен бұл жобаға, бұл бастамаға үлкен құрметпен қараймын.

Делегациямыз «Қазақстанның қасиетті географиясы», «Туған жер», «100 жаңа кітап», «100 жаңа есім» жобалары және мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі жайлы айтты. ЮНЕСКО-ның бас кеңсесінде тарихи деректер мен қылқалам шеберлерінің туындылары да қойылды. Олардың арасында өткен ғасырда латын жазбасымен басылған оқулықтар мен әліппелер де бар. 

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - ЮНЕСКО-да мемлекеттік бағдарламаны бірінші мемлекет ретінде Қазақстан ұйымдастырып отыр. Әрине, бұл бағдарламаның орны ерекше. Біз бүгін көрмені болсын, басқа концерттік бағдарлама болсын, халықаралық дәрежедегі симпозиум болады. Оның барлығының берері көп. Халықаралық дәрежедегі көптеген ғылыми қызметкерлер атсалысып жатыр. Америка, Франция, Ресейден келіп жатқан ғалымдар да бар.

АЛЬБЕР ФИШЛЕР, ФРАНЦИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Бұл өте маңызды шара. Қазақстан мен ондағы дәстүрлер жаһандық мәдени ортаға табысты еніп жатыр. Мен Президенттің «Рухани жаңғыру» мақаласының мәтінін оқып шықтым. Өзім үшін екі бөлімді ерекше белгілеп алдым. Онда білімнің және әлеммен қарым-қатынастың қажеттілігі туралы айтылған.

Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның концерт залында Қазақстанның танымал артистері өнер көрсетті. Париждік көрермендер назарына «Ұлы дала сазы» деп аталатын мерекелік гала концерт ұсынылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер