Талдықорғандағы ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілері латын әліпбиіне қайта оралу жайын қызу талқылады. Қатысушылар реформаның интеграциялық үдерістерді біршама жеделдетіп, тілдік кедергілерді жоюға оң ықпал ететінін айтты. Елімізде латын әліпбиінің екі түрлі варианты ұсынылғаны белгілі. Бұл мәселеде міндетті түрде ғалымдардың пікірімен санасу керек,- дейді ассамблея мүшелері.   

ҒАБИТ ТҰРСЫНБАЙ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазір біз сол әліпбидің қайсысы тиімді, қалай еткенде біз осы оңай әрі болашақта қолдануға тиімді әліпбиді пайдаланамыз деген мәселені талқыға салып отырмыз. Жалпы бұл латын әліпбиіне көшу дегеніміз - әлемдік интеграцияға  қазақ тілінің тікелей, ешбір тілдің аралық кезеңінен өтпей интеграциялануына жол ашады деп сенеміз.  

Ал, семейлік қоғам белсенділері латын әліпбиіне көшу - Қазақ Елінің халықаралық мәртебесін одан әрі жоғарылатады деп есептейді. «Қазақ тілі» қоғамының шығыс және солтүстік өңірлер бойынша вице-президенті Орал Шәріпбайдың айтуынша, Қазақстанның игі бастамалары бүгінде күллі әлем тарапынан қолдауға ие болып отыр. Лайықты деңгейде аталып өткен ЕХРО көрмесі соның айқын дәлелі. Ал жас ұрпақ ғылым мен білімнің жаңа көкжиектерін бағындыру үшін латын әліпбиіне көшудің маңызы жоғары дейді, - қоғам қайраткері. 

ОРАЛ ШӘРІПБАЙ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1998 жылы қазақ тілінің жанашырларымен кездескенде осы қазақ тілінің келешегі, болашағы туралы көп айтылған болатын. Біздің еліміздің келешегін, болашағын тереңнен ертеден ойлаған екен. Сонда міне, бүгін 20 жыл болып отыр, 1998 жылдан санап қарасақ. Сондықтан бүгінгі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі – ол, заман талабы, уақыт қалауы, халықтың өзінің рухани жаңғыруының негізі деп білеміз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер