Оңтүстік Қазақстан облысында тарихи ескерткіштер туристерді тартатын орынға айналады. Жергілікті билік бұл жұмыстарды Ханқорған қалашығын қалпына келтіруден бастамақ. Көне шаһар орнында ашық аспан астындағы музей жасалады. Дәл осы жерде 18 ғасырда атақты Абылайханның ордасы болған. Бүкіл халықты бір тудың астына біріктіре білген қолбасшы өмірінің соңғы күндері де осы Ханқорғанда өткен деген деректер бар. Археологиялық қазба жұмыстары қала тарихының тым тереңде жатқанын көрсетті. Біздің дәуіріміздің 6-7 ғасырларында осы жерде Түрік қағанатының ордасы болғандығын, ал 9-10 ғасырлардыа қарахандықтар хандығының орталығы болғандығын дәлелдейтін деректер табылды. Елімізге туристерді тартатын тағы бір ескерусіз қалған жер – әлемге әйгілі ғалым Әбу-Нәсыр әл-Фараби дүниеге келген Оқсыз қалашығы. Қазіргі уақытта осындай тарихи маңызы зор жерлерді қалпына келтіру мен туристерге тартымды жағдай жасау мақсатын көздейтін ауқымды бағдарлама жасау жұмыстары қолға алынды.

БАҚЫТЖАН ӘШІРБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз қазір барлық нысандарда түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әсіресе, Ханқорған қаласының тарихи маңызы зор болған. Тарихи ескерткіштер қалпына келтіріліп, туристер тартатын боламыз.

Ал Ақтауда қазақтың көшпелі тұрмысынан толықтай мағлұмат беретін этноауыл бой көтереді. Облыстық тарихи өлкетану музейінің қызметкерлері ұсынған жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасына еніп отыр. 2 гектар аумаққа аймақ шеберлерінің қолынан шыққан кіиз үйлер тігіледі. Музей қызметкерлері этноауыл қонақтарына оның құрылысын, жасау-жабдығын түсіндіріп, тігіп көрсетеді. Ал қолөнер шеберлері мен зергерлер шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады.

ТАМАРА ЖҰМАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің музей қызметкерлерінің бастама көтеруінің себепкері болған осы Маңғыстаудың керемет киіз үйлерін жоғалып кетуден сақтау. Яғни оларды қорғау. Әрі қарай жетілдіру. Айталық, Бакуде, Молдовада немесе Ашхабадта түрлі керемет жақсы этноауылдар бой көтерген. Ол этноауылдарда сол ұлттың өткен ғасырдағы тұрмыс-тіршілігінен толықтай хабар береді. Ал, бізге оны неге істемеске?! Басқа өңірлерде киіз үй мұндай дәрежеде сақталмаған.

Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген қазақтың киіз үйін шетелдіктерге таныстыру үшін этноауылды Ақтаудағы негізгі орталыққа айналдыру да жоспарда бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер