«Латын әліпбиіне көшу – Қазақстанның әлемдік интеграцияға ұмтылысы», - дейді тіл мамандары. Филологтардың айтуынша, реформаның пайдасын болашақ ұрпақ көреді. Сондай-ақ, ғалымдар, «жаңа әліпбиді қабылдау барысында кириллицадағы төл дыбыстарымызға қатысты кеткен фонетикалық олқылықтарды енді латын қарпіндегі графикада қайталамауға тиістіміз», - дейді.

СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Соңғы жобада да кейбір мәселелерді айта кетсем. Мысалға, «ц» деген әріп бар, біздің ғылыми-техникалық терминдер, басқа да шеттен келетін сөздеріміз бар. Біз ақпараттық-информатикалық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Ғылыми-техникалық процесс қарыштап кетіп барады. Сол себепті, термин кірмей тұра алмайды. Сондықтан, анау «ц» әріптері «центнер» деп келетін, олар керек. Мынау үтірлер көбейіп кеткен сияқты, апострафтар. Соны кішкене ойластырып, мұны азайтып, басқа бір дәйекшемен белгілесе, құба-құп болар еді деп ойлаймыз.

АМАНЖОЛ ЕСМАҒҰЛОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ӘДЕБИЕТШІ:

 - Әлі де асығыстық жасамай, әлі де талқылай түсу керек сияқты. 1929 жылы қабылданған латын алфавитінде, ол, кириллицаға көшпей тұрған кездегі қолданған графикамызда «ә» әрпі, содан кейін «ө» әрпі қабылданған, көрсетілген сонда. Бұрынғы бар дүниені қайтадан жаңғыртып қосса деп ойлаймын.

Латын әліпбиінің жаңа жобасына ұстаздар қауымы да үн қосып, пікір білдірді. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында осы тақырыпқа арналған кездесу өтті. Талқылауға Қытай мен Монғолиядан келген 50 студент те қатысып, өз ойларымен бөлісті. Олар қазақ тілінде еркін сөйлегенімен сауатты жазуды енді ғана үйреніп жатыр. Өздері кириллицадан латын қарпінің жеңілірек болатынын айтады.

ЕРЛАН АЙДЫНҰЛЫ, СТУДЕНТ:

 - Сол латын қарпіне көшуді бәріміз құптап жатырмыз, жақсы қабылдауға тырысамыз. Мен Қытайдан келгенмін. Қытайда негізінен екі тілде-ақ болады. Сол, қос тіл деп қояды, аз ұлттар өз тілімен сөйлеседі, ал қытайлармен қытай тілінде сөйлесеміз. Қазақ жазуынан көрі оңайлау ма деп келемін. Негізінен әрпі аздау, шетелден кірген әріптер. Мен енді шетелден кеп тұрмын ғой, орыс тілінен енген әріптер қиындау келеді деп ойлаймын. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер