Ата-бабалардың өмір жолы үлгі-өнегеге толы. Қостанайда белгілі би, атақты қолбасшы Шақшақ Жәнібектің өмір жолы мен ерлік істерін зерделеген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға қазақстандық және шетелдік тарихшы ғалымдар қатысты. 17-18-ғасырларда өмір сүрген Жәнібек Қошқарұлы – Арғын тайпасынан шыққан Торғай тумасы. Жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған қаһарман. Сол заманда Жәнібек тарханның әскери жасағы елдің солтүстігін жаудан азат етуде маңызды роль атқарды. Сондай-ақ зерттеушілер оның Ресеймен бейбіт дипломатиялық қатынас орнатуға қосқан үлесі зор екендігін айтады. Осы конференция аясында тарихи тұлғаның құрметіне Қостанайда ескерткіш ашылды. Салт атты бейнесіндегі мүсіннің биіктігі 14 метрден асады.

КЕНЖЕҒАЛИ САҒАДИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:

 - Жәнібек Қошқарұлы үлкен бір ұрыста жекпе-жекке шығып, қалмақ батырының басын алған. 10 мыңға жуық жасақтың қолбасшысы болған адам. Қазақ халқының азаттығы жолында болған Аңырақай, Бұланты шайқастарында ерлік көрсеткен даңқты, дарынды қолбасшы.

Ал Шығыс Қазақстандағы Қарауыл ауылында Ұлы Абайдың əкесі Құнанбай Өскенбайұлына ескерткіш орнатылды. Мүсін таза мыстан соғылған. Оны тұрғызуға қаржыны жергілікті кəсіпкер бөлген. Ескерткіштің ашылу салтанатына жиылған жұрт Құнанбай қажының ел тарихындағы айрықша орнын дəріптеп, естеліктер айтты. Бұл күні əдебиетші Əсет Мырзақасымның «Дала данышпаны – Құнанбай» атты жинағының тұсауы кесілді. «Рухани жаңғыру - ұлт ұлылығын танудан басталады», - дейді автор.

ƏСЕТ МЫРЗАҚАСЫМ, КІТАП АВТОРЫ:

 - Мақсат – Құнанбайдың қадір-қасиетін қалың елге жеткізу болды. Бүгін енді елінде Құнанбайға арналған ескерткіш тұрғызылып жатыр, кітап шығарылып жатыр. Осының бәрін жақсылыққа балайық.

Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қарашоқы ауылында да үлкен жиын. Мұнда Құлжабай би кесенесі жаңғыртылды. Алтынемел баурайындағы бұл жерлерді кезінде Ақбұйым Құлжабай би Абылай ханның шөбересі Тезек төреден сұрап алған деседі. Осылайша, бір кездері Балқаштың жағасынан Күреңбелге бет алған көш бүгінде бір қауым елге айналды. Ұрпақтары Ақтаудың ақ тасынан барша елдің басын біріктіріп Құлжабай баба кесенесін тұрғызды. Шараны тамашалауға жиналған халық концерттік бағдарлама мен бәйгені және балуандар белдесуін тамашалады. Қазақ күресінен өткен сайыста Нұрғали Байтарақов түйе балуан атанды.

НҰРҒАЛИ БАЙТАРАҚОВ, ЕРКІН КҮРЕСТЕН СПОРТ ШЕБЕРІ:

 - 6 жасымнан бастап еркін күреспен айналысамын. Қазақ күресі өзіміздің ұлттық күрес болғандықтан, барлық қазақ балуандары осы қазақ күресін білуі тиіс деп ойлаймын. Үш жылдай болды қазақ күресімен той-томалақтарда күресіп, бағымды сынап жүргеніме. Чемпион болғаныма қуаныштымын.

НҰРЖҰМАН ЫҚТЫМБАЕВ, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ:

 - Той құтты болсын деймін. Бұл той. Сондықтан халқыма, еліме, осы жердің азаматтарына мың да бір рахмет! Өйткені оны ұйымдастыру ойыншық емес.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер