Ертіс өңірінде 18 ғасырда есімі қазақ даласына мәшһүр болған Сұлтанбет сұлтан тұрған үйдің көшірмесі тұрғызылды. Көне мұрағаттық деректер негізінде салынған нысан Павлодар қаласының тарихи бөлігінде орналасқан. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынған орданың құрылысы екі айда аяқталды. Оған мемлекеттік қолдаудан тыс өңір ғалымдары, еріктілер мен өңірдегі 10-нан астам ұйым мүшелері атсалысқан.

ЖҰМАБЕК ҚАМЗИН, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

- Сұлтанбет сұлтанның өнегелі ғұмырын зерттеу жұмыстарына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы серпін берді. Ғылыми қауымдастық тарапынан қызығушылық артты. Алдағы уақытты бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Көптеген ғылыми жұмыстар жазылады.

Сұлтанбет сұлтан - Қазақ хандығының Ресеймен  ынтымақтастық қарым-қатынасын орнатқан дипломат. Қазақ-Қытай арасындағы келіспеушілікті шешуде мәмілегер ретінде танылған.

АЛТЫНБЕК НҰХҰЛЫ, ПАВЛОДАР МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ РЕКТОРЫ:

- Ресейдегі Оренбург және Омбы қалаларында көптеген материалдар табылды. Әрине, осыған байланысты көрнекті мемлекет қайраткері ретінде болғандықтан, сол заманның, сол ғасырдың Қытай мемлекетінде де көптеген мүмкін материалдар да табамыз деген ойдамын.

Көрнекті мемлекет қайраткерінің бастауымен 50 мың әскер жиналған кез болғанын тарихи деректер дәлелдейді. Жалпы, бүгінгі күнге дейін Ресей мұрағаттарынан Сұлтанбет сұлтан жайлы 400-дей құжат табылған.

ВИТАЛИЙ СИРИК, ЗЕРТТЕУШІ:

- Соңғы сапарымда 50 мұрағаттық материал табылды. Бұл тарихи құжаттар Сұлтанбет Сұлтанның өмірі ғана емес, Ертіс өңірінің тарихы туралы сыр шертеді. Келер ұрпаққа мұра болатын тарихтың жаңа беттері ашылды.

Болашақта кешенді ғылыми жұмыстар қолға алынады. Сұлтанбет сұлтан атындағы қоғамдық қордың мұрындық болуымен қазақ тарихында ұмыт болған тұлғалар туралы зерттеулер жүргізбек. Ал Ертіс бойындағы «Сұлтандар аралы» туристерге арналған экскурсиялық бағытқа қосылмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер