«Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған «Туған жер» бағдарламасы бойынша ел өңірлерінде мақсатты жобалар қолға алынуда. Мысалы, павлодарлық оқушылар Ертіс бойын кемемен саяхаттау мүмкіндігіне ие болды. Енді жасөспірімдер өлкенің табиғаты, жануарлар дүниесі мен тарихын зерттеп, білімдерін арттыра алады. Оқушылар таңертеңнен кешке дейін өлкетанушы, тарихшы және географ мамандармен бірге жұмыс істейді. Жеткіншектер, маңызды ақпараттарға қанық болып, кемелерді тізгіндеу мүмкіндігіне ие болады. Игі іс - келер жылы да жалғасын таппақ.

ДАНИЛ ВЕРВЕКИН, ӨЛКЕТАНУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

 - Бүгінгі таңда мектеп бағдарламасында өлкетану сабағы жоқ. Сондықтан, саяхат жасауға қызыушылық танытқан оқушылардың қарасы қалың болды. Олар өңіріміздің тарихы мен табиғаты туралы білімдерін молайтқысы келеді. Біз жоба аясында оқушылармен бірге өзен бойымен саяхат жасап, өлкеміздің тарихы туралы әңгімеледік.

МИРАС ҚАБЛАН, ОҚУШЫ:

 - Саяхат өте жақсы өтуде. Бұл экспедиция маған өте ұнайды. Керемет жоба. Келесі жылы қайта қатысамын деп ойлаймын, жолдастарыммен бірге.

Ал Қытай астанасында білім алып жатқан қазақстандық студенттер «Туған жер» биін билеп, флэшмоб өткізді. Шара Бейжіңдегі ең танымал жердің бірі, Жазғы Олимпиада өткен стадионның саябағында ұйымдастырылды. Белсенді жастар флэшмоб арқылы Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы туған жерге сүйіспеншілік туралы айтқан ойларын қолдағымыз келді дейді. Елден жырақта жүргенде Отанға деген ыстық сезім ерекше артады, сондықтан шын көңілмен осы шараны өткіздік деп отыр.

ИСЛАМ ЕСЕНБАЙ, ҚАЗАҚСТАН СТУДЕНТТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Осындай шаралар қазақстандық студенттердің туған жерге деген сүйіспеншілігін көрсетеді және де бір-бірімізбен қарым-қатынасты нығайту үшін бағытталған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер