Латын әрпіне көшуде қазақ тілінің барлық ерекшеліктерін ескерген жөн. Назар аударуды қажет ететін бір жайт –  қазақ тілі заңдылығының өзгеріске ұшырау мүмкіндігі. Алматылық ғалымдар осындай пікір айтты. Олар екі таңбадан тұратын әріптерді балаларға түсіндіру қиын болады деп есептейді. Әрі қос таңбалардан тұратын сөздерді қысқарту кезінде немесе буынға бөлу кезінде тіл заңдылығы бұзылуы ықтимал екендігін айтады. «Сондықтан жаңа әріптерді толық зерттеп болған соң ғана қабылдау керек»,-дейді ғалымдар.

ФАУЗИЯ ОРАЗБАЕВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Дауысты дыбыстың екі әріптік таңбасынан тұратын сөздер біріншіден, олардың көлемі ұлғаяды. Екіншіден оларды тасымалдауға келгенде диграфтың екеуінің қайсысы қай жақта қалады. Біздің тасымалдық, буындық ережемізге оның параметрі толық сәйкес келмейді.

Ақтөбедегі медициналық жоғары оқу орнының оқытушылары латын әріптерінің заман талабынан бөлек, оқу үрдісінде де тиімділігі көп дейді. Қазір әлем хат-хабар алысуды ықшамдауға көшкен. Бұл орайда 25 қаріптен тұратын жаңа әліпби ыңғайлы болмақ. Қазақ тілін үйренем деген шетелдік студенттерге де қиындық тудырмайды. Ал, медициналық терминдер мен ғылыми жұмыстардың барлығы латын қарпінде жазылатындығы айтпаса да түсінікті.

ЕРБОЛАТ ІСТІЛЕУОВ, М.ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ БҚММУ ДЕКАН ОРЫНБАСАРЫ:

 - Латын тілі медицина саласымен біте қайнасып жатыр. Қазіргі кезде де жаңа технологиялар бағдарламасы сол латын әріптерімен жасалады. Дәрігерлерге латын әріптерімен жазу өте ыңғайлы болады. Дерттің диагнозы, дәрі-дәрмек рецепті деген сияқты. Сондықтан біз қуана қарсы алдық. Және кез-келген медицина қызметкеріне латын әрпіне көшу қиынға соқпайды деп ойлаймын.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдары мен студенттері де латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты пікір білдірді. «Латын әліпбиі – ғылым мен білімнің, медицина мен технологияның тілі. Әрі заманауи жетістіктерді қабылдаудың бірден бір құралы. Сондықтан латын қарпіне көшу - заман талабы», -  дейді жастар. Ал оқу ордасының ғалымдары латын әліпбиімен оқулық, кітап жазу еш қиындық туғызбайтынын айтады. Себебі еліміздегі орта буын өкілдері мен жастар оны жетік меңгерген.

НАТАЛЬЯ КАЗИНОВА, СТУДЕНТ:

 - Латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары өте көп. Мысалы біз жастар ғаламторды көп пайдаланамыз. Қазіргі алфавитпен қазақ тілінде мәлімет іздесек, жөнді ештеме таппаймыз. Себебі қолданыстағы алфавитте артық әріптер көп. Тағы бір себеп – латын әліпбиі тіл жағынан алғанда жастар социумын біріктіреді.

МҰРАТБЕК ИМАНҒАЗИНОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Латын қарпінің іске асуы оңай шаруа емес. Дегенмен оның іске асуына біздің толық потенциалымыз бар. Ол жөнінен келгенде ғылым да, білім де, оқулық та, ғалымдарымыз да оған дайын. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер