Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Кангнам университетіндегі Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Фил Кимнің ой-пікірі осыған саяды. «Қазақ тілінің грамматикасы» кітабын жазған профессор көп жылдар бойы Оңтүстік Кореяда Қазақстантану бойынша дәріс оқып, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы болған. Фил Кимнің айтуынша, кирилицаны меңгермеген адам қазақша мәтінді мүлдем оқи алмайды. Енді, латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ тілі қолжетімді болмақ. Профессор сондай-ақ, қазақ әліпбиі жобасы жайлы да өз ойын ортаға салды.

ФИЛ КИМ, КАНГНАМ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ұсынылған қазақ әліпбиінің латын графикадағы көрінісі жалпы айтқанда қазақ тілінің фонемасын ерекше айқындайды. Бұл тек менің пікірім. «Й» және «и» әріптері латын қаріпінде «j» (джей) және «у» (yeй) арқылы беріліпті. Бұл әлі де пікірталас туғызып отыр. Дегенмен, мен бұл тиімді әдіс деп айта аламын.  Қазақстанның латын әліпбиіне көшу тәжірибесі барын ескерсек, қазақ әліпбиін латынға көшіру - оның жаһандануын көрсетеді.

Тіл реформасына қатысты өз пікірлерін алматылық ғалымдар да білдірді. Қоғамда қызу талқыланып жатқан латын қарпіне көшу мәселесі – елімізді әлемдік қауымдастықпен байланыстыратын көпір, - дейді олар. Жаңа әліпбиге көшу елімізде үштілділіктің дамуына үлес қосады. Себебі, ағылшын тілін білетіндер қазір көп. Сондықтан, жаңа қаріпке көшу қиындық тудырмайды, - дейді сарапшылар. Ең бастысы, өз тарихың мен салт-дәстүріңді естен шығармаған жөн.

ЕРДЕН ҚАЖЫБЕК, А.БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Инабаттылыққа, білімділікке, тәрбиелілікке, қайырымдылыққа, рухани құндылыққа тікелей байланысты мақсаттарды басымдық деп көтеріп отырмыз. Осылардың бәрі біздің өте жоғары өреге көтерілгендігіміздің айқын дәлелі деп есептейміз.

Алайда латын әліпбиіне көшуге атүсті қарауға болмайды. Оған ел болып үн қосып, ұлтқа тән дыбыстық ерекшеліктерді сақтай отырып көшкен дұрыс, дейді қарағандылық тіл мамандары. Айта кетейік, арнайы құрылған жұмыс тобы мамандардан түскен барлық ұсынысты қабылдап, зерделеп жатыр. 

НҰРСҰЛУ БӨКЕТОВА, «ЛИНГВА» ТІЛ ЖƏНЕ АУДАРМА ИНСТИТУТЫНЫҢ РЕКТОРЫ:

 - Біз бірнеше нұсқадан таңдап, дұрыс келетін, арасында ө, і əріптерді сақтауымыз керек, ұсынытар түсіп жатыр астанада, немқұрайлықпен қарамай соған бəріміз қатынасуымыз керек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер