Қазақстандық кинотуынды Болгарияда топ жарды. Павлодарлық режиссер Людмила Лебедеваның «Маңғашлық» фильмі «СофИя халықаралық фестивалінің» бас жүлдесіне лайық деп танылды. Фильм кейіпкері «Маңғышлақ» сөзін сан рет қате айтып, көңіл-күйін білдірген. Режиссердің шешімімен туынды дәл осылай аталды.

«МАҢҒАШЛЫҚ» К/Ф, РЕЖ. Л. ЛЕБЕДЕВА

20 минуттық туындыда Ұлы Отан соғысы кезіндегі павлодарлықтардың тұрмыс-тіршілігі мен майдан тауқыметін тартқан халықтың өмірі айқын көрініс тапқан. Көркем фильмді түсіруге 50-ге жуық артист тартылған. Барлығы – жергілікті драма театрларының белді өнерпаздары. Отандық туынды талғампаз көрерменнің жоғары бағасын алды.

ҒАБИТ ХАФИЗ, КӨРЕРМЕН:

 - Ана мен баланың арасында қаншама қимастық болса да, Отанды қорғау борышын жоғары екенін біліп, жастар сол кезде елді қорғауға шетке аттанғаны мені қуантты.

ЖӘМИЛӘ ЖҰМАБЕКОВА, КӨРЕРМЕН:

 - Ананың балаға деген көңіл-күйі, ол әрбір соғысқа арналған фильмдерде көрсетіліп жатады. Осы маған өте қатты ұнады.

Фильмнің көрсетілімінен кейін келесі жылы қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туған жерінде алғаш рет халықаралық кинофестиваль өтетіні жарияланды. Шетелдік режиссерлердің басын қосатын шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылады.

ЛЮДМИЛА ЛЕБЕДЕВА, РЕЖИССЕР:

 - Ертіс өңірі – қазақтың әйгілі әртісі, режиссері Шәкен Аймановтың Отаны. Сондықтан, халықаралық фестивальдің Павлодарда өтуі заңды құбылыс. Қуанышымда шек жоқ. Намысты қолдан бермеуге тырысамыз.

Павлодарлық режиссер Болгариядағы жеңісінен соң өзге де халықаралық кинофестивальдерге шақырту алып жатыр. «Маңғашлық» фильмі Украина, Қытай және Ресейде өтетін халықаралық дәрежедегі байқауларға ұсынылмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер