Ақтауда Каспий жағалауы елдері жас көшбасшыларының І-ші халықаралық форумы өтті. Ауқымды шараға қатысқан шетелдік меймандар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен танысып, зор қызығушылық танытты. Бес мемлекеттің белсенді жастары өзара байланысты арттыру мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Олар келешекте түрік академиясымен бірлесе ашылатын лагерьде қазақ тілін үйренбекші.

АЛЕКПЕР МУСТАФАЕВ, ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ /ӘЗЕРБАЙЖАН/:

 - Адам санасын жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыты ұнады. Өткенсіз келешек жоқ. Жастар тарихын, дәстүрін жаңғырту арқылы болашаққа қадам басады. Елінің тау-тасын таниды. Туған жерінің дамуына күш салады. Бұл бағдарлама елінің дамуына атсалысатын жастарға жол көрсететін бағдаршам іспеттес.

Жиында жастар саясаты мәселелерінің түйінді тұстары талқыланды. Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өткізуде жинақтаған тәжірибелері ортаға салынды. Қазақ-әзербайжан жастарының екіжақты әріптестік меморандумға қол қоюы форум маңыздылығын арттыра түсті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын қолдау және қоғамдық сананы жаңғырту үрдісіне жастарды белсенді түрде жұмылдыруға шақырған акция төрт бағытты қамтыды.

ҒАБИДОЛЛА ОСПАНҚҰЛОВ, ҚР ДІН ІСТЕРІ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ МИНИСТРЛІГІ ЖАСТАР САЯСАТЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Осыларды ашып айтар болсақ, «Өнерде» қазақ салт-дәстүрін, тарихқа деген құрметін көрсету. «Білім» деген сайыста олар өздерінің «Рухани жаңғырудың» идеяларын қаншалықты түсінетіндігін, білетіндігін викториналар өткізу арқылы көрсетті. «Тағзым» туралы бағытта біздің рухани және мәдени, тарихи ошақтарымызға барып, тазалық жұмыстарын жүргізу. «Асар» акциясында олар аз қамтылған отбасыларға барып, әртүрлі көмек көрсету, сондай істерімен үлес қосты.

Осылайша, 15 қыркүйекте еліміздің барлық өңірлерінде бастау алған «Рухани жаңғыру» жалпыреспубликалық жастар акциясы Каспий жағасында қорытындыланды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер