Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте түседі. Атыраулық тіл мамандары мен қоғам белсенділері осылай дейді. «Латын әліпбиін енгізу - заман көшіне ілесу» деген сөз. Өркениетке қадам басқан еліміз әлемдік ықпалдастықтан тыс қалмауы үшін осындай қадамға баруы – заңдылық. Жиында аға буын өкілдерінің ойын Атырау жастары қызу қолдады.

СЕРІК ҚАДЫРОВ, АТЫРАУ Қ. ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз, жастар қазақ тілінің латын графикасына көшуін қолдаймыз. Өйткені, латын әрпі күнделікті тұрмыста, ақпараттық технологиямен жұмыс істеу барысында қолданып жүрміз. Сондықтан, бұл бізге жат мәселе емес. Осы тұрғыда Елбасының бастамасын толықтай қолдаймыз.

Жамбылдық жастар да латын әліпбиіне көшу идеясын қолдайды. Жүздеген оқушы мен студент жастар сарайына жиылып, қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікірлерін білдірді. Айтуларынша, латын қарпі қазақ елінің рухани жаңғыруының өзегіне айналып отыр. Бұл – қазақ тілі мен оның тарихын, ғылымы мен білімі сияқты ұлттық құндылықтарын әлемдік өркениет кеңістігіне еркін шығаруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар шараны Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні арнайы өткізді.

САҒИ АЛТЫНКӨП, СТУДЕНТ:

 - Латын қарпіне көшу қазіргі ғылымды, технологияны игеруге жастарымызға өте көп септігін тигізеді. Және латын қарпін қолдана отырып, біз шетелдерге өзіміздің жаңалықтарымызды шығара аламыз. Бірақ қазіргі зиялы қауым өкілдері және ғалымдарымыздың зерттеуінен өтіп содан кейін ғана барып қолданысқа енуі керек. Сол кезде ғана біз жастар оны алып кете аламыз.

Ал еліміздегі ең көне басылымдардың бірі – «Семей таңы» газетінде латын әрпімен жазылған мақала жарық көрді. Онда латын әліпбиінің бұл газет үшін жат еместігі, жаңа бастаманың халқымыздың игілігі үшін зор пайдасы бар екендігі жан-жақты айтылған. Бір ғасырлық тарихы бар үнпарақ 1930 және 1935 жылдар арасында «Жаңа ауыл», «Қызыл дала», «Социалды Шығыс» деген атаумен шыққан жылдары, латынша басылған. Сондықтан редакция ұжымы жаңа әліпби қоғамдық сананы жаңғыртып, рухани серпіліс әкеледі деген сенімде.

РИЗА МОЛДАШЕВА, «СЕМЕЙ ТАҢЫ» ГАЗЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Жалпы халықтың қолдауы, редакцияға қоңырау шалған халықтың пікірі жақсы. Соған қарағанда біздің қандастарымыздың осы әліпбиге, латын әліпбиіне өтуге көзқарастары дұрыс деп ойлаймын. Біздің редакциямыздың қызметкерлерінің барлығы әзірше осы жоба болса да осы әліпбиді алып қолдарына, әрқайсысы үйреніп жатыр

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер