«Латын әліпбиі қазаққа жат емес. Өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары латын қаріптері қазақ елінде қолданыста болған. Сондықтан, одан үркіп, жатсынудың қажеті жоқ», - дейді көкшетаулық тіл мамандары. Ғалымдардың айтуынша, ол, керісінше, қазақ тілінің әуезділігін сақтап, кейбір артық-ауыс әріптерден арылтады. Одан бөлек, латын әліпбиі арқылы Қазақстан әлемдік қауымдастыққа жаңа бағытта қадам басады. «Тек, бұл мәселеде асығыстыққа жол бермей, латын қаріптерінің қазақстандықтар үшін ең тиімді және өте ыңғайлы нұсқасын таңдап алу қажет», - дейді әдебиетші Аманжол Есмағұлов.

 

АМАНЖОЛ ЕСМАҒҰЛОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ӘДЕБИЕТШІ:

 - Мысалы, менің шешем, 30-шы жылдары латын әрпін қолданған кездері оқу оқыған. Ол кісінің жазғандарын мен еркін түсінем. Менің үйімде сол 30-шы жылдардағы латын әрпімен жазылған кітаптар біраз бар. Оның ішінде кейіннен «Мөлдір махаббат» боп шыққан Сәбит Мұқановтың «Адасқандары» осы латын әрпімен шықты. Олардың бәрін мен пайдаланамын, оқимын.

 

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру Германияда тұратын отандастарымызды да толғандырып жүр. Малабакан Безеритханның айтуынша, ол қазақ әліпбиін латын графикасымен жазу туралы бастаманы алғаш рет Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының 5-інші құрылтайында естіген. Президенттің идеясын диаспора өкілі толық қолдайды және қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызды қадам деп санайды.                                          

МАЛАБАҚАН БЕЗЕРИТХАН ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ӨКІЛІ /ГЕРМАНИЯ/:

 - Әлемде көп мемлекеттер латын әліпбиінде оқиды. Ол әдебиеті болсын, оқыған газеттер болсын, басқа мәліметтер болсын барлығы латын аліпбиінде жазылған. Ал енді біздің ұрпақтарымыз латын әліпбиінде кішкентай кезінде үйрене берсе, біздің қазақ әдебиеті бәріне көпшілік болады деп ойлаймын. Бұл қазақ мәдениетіне емес, экономикаға, саясатқа, өнерге болсын бәріне жақсылық болып келеді. Қазір Еуропада тұратын қазақтар балалары барлыгы латын әліпбиінде оқиды, латын әліпбиінде түсінеді. Енді кирилл алфавитінде көргенде оқи алмайды, түсіне алмайды. Оқи алмаса түсіне алмайды. Енді сол кезде Қазақстан латын алфавитіне аударылса, осында тұрған қазақ балаларына қазақ әдебиеті, қазақ кітаптарын латын әліпбиінде оқып, түсініп қазақшылығын, мәдениетін біледі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер