Түркі әлемінің аса құнды мәдени мұрасын жаңырту. Осы мақсатта түбі бір халықтардың ортақ Кентай аймағындағы сарысуды сағалап, Қаракеңгірді жағалап, ұлт ұясы – Ұлытауға аялдаған қайырымды ұрпақ шежірелі бабалар ізімен мыңдаған шақырым жолды жүріп өтті. Елордада 10 елдің бір топ ғалымдары мен зерттеушілері, тарихшылары және археологтары киелі мекендерге бірлесе жасаған кезекті экспедициясы қорытыланды.

 

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақ мемлекеттігінің де жалпы барлық көшпелі жұрттың тамыры ғұндардан, көк түріктерден, Алтын ордадан ортақ бастау алатындығын біз тағыда айқындап отырмыз. Қазба жұмыстарының ерекшелігі, бүгінге дейін түркология үшін, жалпы түркі әлемі үшін Кентай аймағы түгелдей жабық болып келген. Бізге мәлімі Күлтегін, Тоныкөк секілді барлық ескерткіштердің Орхон бойында болғаны, сондықтан біз оларды Орхон жазулары деп айтамыз. Ал енді бірінші рет Моңғолия үкіметінің қолдауымен біз осы түркология үшін үлкен жаңалық болатын аймаққа кіріп отырмыз.

 

Кентай – ұлы қағандар өмір сүрген қасиетті аймақ, Шыңғыс ханның туған топырағы. Ал Алтын Орданың дәуірлеп көтерілуі Ұлытауға байланысты. Тоқтамыс хан, Едіге би, Әмір Темірдің тарихы да  осы киелі мекенде басталды. Ұлытау тек Қазақ халқының, тарихи мекені ғана емес, түбі бір түркілердің, сондай-ақ көшпелі жұрттың да киелі ордасы. Экспедиция мүшелері осы бір құтты жерлердің жіті зерттелуі тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып, жаңа дереккөздермен толығуына үлкен сеп болғанын айтады.

 

БАЯРСАЙХАН ЖАМСРАНЖАВ, МОНҒОЛИЯ ҰЛТТЫҚ МҰРАЖАЙЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Монғолия жеріндегі  көптің табаны тимей келген ғұрыптық кешендер бұрын-соңды зерттелмеген ескерткіштер мен көне жазбалар анықталды. Сапар барысында 24 кешен жаңадан тіркеліп, 30-ға тарта тас мүсін табылды. Біз олардың әрбірін жіті тексеріп, геофизикалық тәсілмен зерттедік. Аймағы мен пішіндері нақтыланды. Бұл әзірге барлау жұмыстары десек болады. Келер жылы қазба жұмыстарына кірісіп, жәдігерлерді тереңірек саралайтын боламыз.  Сол кезде көпшілікке беймәлім жаңалықтар ашылатынына сенімдіміз. Өткен экспедиция осыны меңзеп отыр.    

 

Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніне жүргізілген барлау шараларының қорытындысы да жұртшылық назарына ұсынылды.  Археологиялық зерттеу көпшілікке жұмбақ болған кешеннің 12 кішігірім мұнаралы  қабырғалардан, бас құрылыстың 8 қырлы іргетасттан құрылғанын көрсетіп отыр. Қамалдың еуразиялық кеңістікте билік жүргізіп, күллі көшпелі халықты біріктіре білген Елтеріс Құтлық қағанның құрметіне орнатылғаны анықталды. Болашақта бұл қасиетті мекендерде ашық аспан астындағы мұражайлар құрылмақ.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер