«Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттің рухани-мәдени дамуындағы аса маңызды кезең. Оған әр азамат өз үлесін қосу керек», - дейді еліміздегі этномәдени орталықтардың өкілдері. Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Алматыда өткен жиынға қатысушылар «Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне кезең-кезеңімен өтуге басымдық берілуі - халқымыздың жаңа әліпбиді терең меңгеруіне жол ашады», - деді. «Латын қарпімен біздің тарихымыздың байланысы тереңде жатыр. Оның үстіне, жаңа әліпби заманауи технология тілімен үндес. Сондықтан, бұл – уақыт талабы. Ел руханиятындағы тарихи кезеңнің жауапкершілігі де үлкен»,-дейді Ассамблея өкілдері. 

 

АБИЛФАС ХАМЕДОВ, ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Әзербайжан 94 жылы латын қарпіне көшу туралы бұйрық шығарды да жаңа әліпбиге бірден көшіп кетті. Белгілі бір деңгейде қиындықтар болған шығар. Бірақ, қысқа уақытта бейімделіп кетті. Қазақстанда кезең-кезеңімен өту ұсынылды. Сондықтан, қиындықтар болмайды деп ойлаймын.

 

МАМАЙ АХЕТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақ тілінің латын графикасына көшуі мәселесі қазақ тілін заманға бейімдеу, заманға лайықтау тұрғысынан өзге түркі халықтарымен түсінісу, солармен ортақ мәселелердің, ортақ тұстардың бірін жақындатудан туындап отырғандығы ашық айтып отыр. Сондықтан бұл дәл мезгілінде жасалып отырған шара деп ойлаймын.

 

«Латын әліпбиіне көшу тілдің әуездігі мен сөйлеу әуенін бір қалыпқа түсіреді әрі, кірме сөздердің айтылуында табиғи заңдылықтар сақталады. Ең бастысы, ақпараттық технологияның заманында жүйелі, ортақ әліпби болады», - дейді Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Нұрбол Сәдуақас.

 

НҰРБОЛ СӘДУАҚАС, АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Шет тілдерден көптеген сөздер енуіне байланысты қазіргі кезде тілдің заңдылықтары, сөйлеу әуені, сөйлеу әуезі бұзыла бастады. Осыған байланысты, жаңа әліпбиге көшкен кезде тілдің еміле ережелері дұрысталып, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес сөйлеуге бет бұрамыз. Сонымен қатар, 30 елдің қатарына кіреміз деп отырған кезеңде бұл латын әліпбиіне көшудің көп артықшылығы бар деп ойлаймын. Себебі, ең бастысы, жас ұрпаққа білім беру, бүкіл ақпарат Еуропа тілдеріне, ағылшын тілінен келіп жатыр. Сондықтан бір әліпбиде болу, Еуропа халықтарымен бұл өте пайдалы. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер