Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған еліміздің тарихында елеулі орны бар қасиетті жерлерді зерттеу ісін Халықаралық Түркі Академиясы биыл да жалғастыруда. Жуырда Хентейден Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» халықаралық экспедициясы басталды. Сапарға қатысушылар қасиетті Бұрхан-Халдун тауының етегінен жолға шықты. Біздің арғы бабаларымыз Ғұн, Көк түріктер және Алтын орда мемлекеттерінің негіздері қазіргі Моңғолия аумағында қаланғаны мәлім. Сондықтан бұл аймақты толық зерттеу аса маңызды.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бұның маңыздылығы мында: Бұған дейін археологтар Орхон аймағын зерттеген болатын. Былтыр Шиватуланды зерттедік. Бұған дейін Хентей аймағы түркологтар үшін жабық болып келген. Міне біз осы мақсатта Хентей аймағындағы нысандарды, тарихи ескерткіштерді зерттеуді бастадық.

Экспедиция аясында Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен Моңғолияның Білім-ғылым, мәдениет және спорт министрі Гелегпил Чулунбатар арасында кездесу өтті. Моңғол тарапы Қазақстанда президент Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласына жоғары баға беретінін айтып, Түркі академиясының Моңғол жеріндегі археологиялық қазба жұмыстарына қолдау көрсететінін, құнды тарихи жәдігерлер мен деректердің көшірмесін жасап, Қазақстанға беру ісіне де жағдай жасайтынын мәлім етті. Бұған қоса Моңғолия Түркі академиясына мүше болуға дайын екендіктерін жеткізді.

ЧУЛУУН САМПИЛДОНДОВЫН МОҢҒОЛИЯ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Түркі академиясымен бірлесе отырып зерттеулер жүргізуге қашан да дайынбыз. Қазір екі жақты байланыстарымыз өте жақсы деңгейге жетіп отыр. Алдағы уақытта археологиялық зерттеулердің арқасында жаңа деректерге қол жеткіземіз деген ойдамын.

Бір айға созылатын экспедиция барысында далалық семинарлар, археологиялық зерттеу жұмыстары қатар жүрмек. Сапар қыркүйек айының ортасында Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне дейін жалғасып, сол жерде қорытындыланбақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер