Ұлттық ғарыш орталығы инновацияға ден қойып отыр

Ұлттық ғарыш орталығы инновацияға ден қойып отыр

Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығы инновацияға ден қойып отыр. Осы мақсатта еліміздің қорғаныс күштерін нығайту және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 30 шақты жобаны іске асыру жоспарланған. Бұған қоса, республикада жерсеріктердің жаңа буынын өндіру қолға алынбақ. Ұшқышсыз ұшатын құрылғы мемлекеттік шекара мен зымырандарды қорғау үшін қолданылады.   

ӘСЕТ БАЙСЫНОВ, ҚР ҚАЭӨМ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

– Мәселен, қазіргі кезде қандай да бір нысанаға дәл тию үшін 10 зымыранды ату қажет болса, модернизациядан кейін бір ғана зымыранның көмегімен бұл мақсатқа қол жеткізуге болады. Ұшқышсыз әуе аппаратын қолдану да осы секілді. Технологиялар күн санап жетілдірілуде. Яғни кез келген операцияларды ол жерге сарбаздарды аттандырмай-ақ, алыс қашықтықтан жүзеге асыруға болады.

Бұл құрылғылардың кейбір құрамдас бөліктерін ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде әзірлеу көзделіп отыр. ТМД-дағы теңдесі жоқ жалғыз өндіріс ошағын келер жылы ашу жоспарланған.

АЙБЕРГЕН РУСЛАНҰЛЫ, ГЕНЕРАЛЬНЫЙ ДИРЕКТОР СОВМЕСТНОГО КАЗАХСТАНСКО-ФРАНЦУЗКОГО ПРЕДПРИЯТИЯ:

- Біз 3D принтерінде титан және алюминий сияқты ұнтақ материалдарды селективті балқыту әдісін қолдана отырып бөлшектер шығарамыз. Біз мұнда конструкторлық бюро инженерлерінің идеяларын жүзеге асырамыз.

Жерсеріктерге арналған тағы бір ноу-хау қазір сынақтан өткізіліп жатыр.Оны қазақстандық ғалымдар ойлап шығарған екен. 

ДАНИЯР ҚАҚПЕНОВ, 3D-ПРИНТИНГ САЛАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

– Келешекте бұл бөлшек қазіргі панельдердің орнын басады. Қазіргі уақытта пайдаланылатын панель 3 бөліктен, 2 қабырғадан және панельдің өзінен тұрады. Ал, біз ұсынып отырған бөлшектің монолитті құрылымы өте берік. Оның салмағы да рұқсат етілген шектен аспайды.

Айта кетерлігі, қазақстандық жерсеріктердің пайдалану ауқымы өте кең. Олар еліміздің ауыл шаруашылығы саласында да белсенді қолданылады. Бұл аппараттар Жерді қашықтықтан зондтауға мүмкіндік береді. Осылайша еліміздегі астық жинау науқанын ғарыштан қадағалауға болады.     

ГҮЛНАР ҚАБЖАНОВА, ГЕОАҚПАРАТТЫҚ ДЕРЕКТЕР МЕН СЕРВИСТЕР ОРТАЛЫҒЫ ДЕРЕКТЕРДІ ТАҚЫРЫПТЫҚ ӨҢДЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Жерді қашықтықтан зондтаудың мәліметтеріне сәйкес, астықты кімнің қай уақытта жинағанын білуге болады. Әрбір алқаптың астықты жинау уақыты белгіленген.

Қорғаныс министрлігі мен Аэроғарыш саласының көптеген жетістіктерін тізіп айту мүмкін емес. Себебі олардың көпшілігі құпия дерек болып саналады.