БҚО: Мал шаруашылығында күн энергетикасын пайдалану

БҚО: Мал шаруашылығында күн энергетикасын пайдалану

«Жасыл экономика» – Қазақстанның үдемелі дамуының ең маңызды құралдарының бірі болып саналады. Біздің мемлекетіміз әлем елдерінің ішінде мемлекеттік деңгейде алғашқылардың бірі болып, «жасыл экономикаға» көшу туралы стратегиялық құжатқа қол қойған болатын. Бұл жоба  5 жылдан бері табысты іске асып келеді. Айта кетейік, Қазақстанда 2020 жылға қарай 34 жаңартылған энергия көздерінің нысаны, соның ішінде жел, гидро және күн электр станциялары қолданысқа енгізілетін болады. 

Қазір баламалы энергия көздерінің ауыл шаруашылығында пайдаланылуы қарқынды жүргізілуде. Жасыл технологиялардың тиімділігін батысқазақстандықтар да жоғары бағалап отыр. Мұндағы шаруа ағайынның дені күн генераторларын сатып алып, қызығын көруде. Заманауи технология шалғай жайылымдарда мал шаруашылығымен айналысу ісін оңтайландырады.

АРМАТ ХАЙРУЛЛИН, АҚЖАЙЫҚ АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Үкімет тарапынан шаруа-қожалықтарға көптеген көмектер көрсетіліп жатыр.  Яғни, мұндай өз ақшасына қондырғы сатып алған болса, үкімет тарапынан 80% субсидиялауға тапсырылады. Округте әл-ауқаты жоғары шаруа қожалықтар өте көп, солар жақын арада қондырамыз деп ниет білдіріп отыр.

Жалпы, өңірде баламалы энергия көзін 250-ге жуық шаруа пайдаланады. Егер жабдықтың құны 2,5 млн. теңгеден асып кетсе, мемлекет шығыстардың 80%-ын қайтарады. Инвестициялық салымдарды субсидиялау бағдарламасы бойынша жергілікті фермерлерге биылғы жылы шамамен 300 млн теңге төленді.