АӨК: Сандық технологиялар

Цифрлық жүйе – агроөнеркәсіптік кешенін белсенді түрде дамытуда шешуші фактор. Жаңа технологиялар сын-қатерді азайтып, ауа райының өзгеруіне бейімделуге, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, далалық жұмыстарды жоспарлауға мүмкіндік береді. Цифрландырудың арқасында өндіріс көлемін ұлғайтуға, экспорттық әлеуетін арттыруға жағдайлар жасалуда. Бүгінде отандық шаруалар нақты егіншілік элементтерін енгізуді қолға алған. Айта кетейік, республикада іске қосылған пилоттық жоба бойынша Қазақстан мен Австрия селекциясының 2-ші сортты қатты бидайына тәжірибе жүргізілді.

КЕНЖЕ АБДУЛЛАЕВ, БАРАЕВ АТЫНДАҒЫ АСТЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл жыл біз үшін айтарлықтай ең сәтті жыл болды десек жаңылыспаймыз. Сонымен қатар ғылыми тұрғыдан жүргізілген зерттеулердің қорытындысы да мол нәтиже бере алды. Биыл яғни 2018 жылы «Нақты егін шаруашылығы» жобасы сәтті іске қосылды. Бұрын 20 гектар, 30, сондай-ақ 40 гектар егін алқаптарына зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болса, нақты егіншілік жобасының арқасында биыл шамамен 3 мың га жерге тәжірибе жүргізе алдық. Ал 3 мың гектар жер дегеніміз – мол өнім. Сондықтан осы жылы «нақты егін шаруашылығы» жобасы негізінде отандық селекциядағы жаздық бидайдың екі түрлі сортына тәжірибе жасалды. Шығарылған қорытынды нәтижесі де көңіл көншітерлік.

Тәжірибе нәтижесі күткендегіден де асып түсті. Әр гектардан 60 центнер – бұл өнімділіктің рекордтық деңгейі. Шаруалардың айтуынша, бұл көрсеткішке сандық технологияны енгізудің арқасында қол жеткізіліп отыр. Осының негізінде агроөнімділік тиімділігі де артқан. Айта кетейік, жоба аясында инновациялық әдістер қолданылған.

КЕНЖЕ АБДУЛЛАЕВ, БАРАЕВ АТЫНДАҒЫ АСТЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Осы жоба аясында, шын мәнінде шетелде шығарылатын жаңа технологиялар қолданылады. Біз жаңа технологияларды өзіміздің жұмысымызға ыңғайлап, бейімдеп, істі жылдамдатамыз. Сондықтан әрине, мұнда дрондар пайдаланылып, алқаптарды цифрлау жұмыстары, агрохимиялық зерттеулер жүргізіледі, кезең-кезеңмен дрондарды қолдану істері қолға алынды. Дрондарды әртүрлі кезеңдерде қолдану арқылы өсімдіктердің қолайсыз ауа-райына төзімділігі, олардың ауруларын алдын ала анықтауға мүмкіндік туады.

Мамандарды арнайы ауыл шаруашылығы үшін цифрлық технологиялар бойынша дайындау – маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Ведомство өкілі атап өткендей, бұл бағытта бүгінде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Шетелден кадрларды оқыту мақсатында арнайы сарапшылар шақырылады.Осының барлығы ауыл шаруашылығы саласында ақпараттық технологияларды ендіруді айтарлықтай жеделдетеді.