Отандық ІТ-мамандар «Толықтырылған виртуалдық шындық» қосымшасын ойлап тапты

Инновациялық технологиялар отандық экономиканың өсіміне серпін берді. Сарапшылардың айтуынша,бұл қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Осы тұста мемлекет отандық өнертапқыштарға қайтарымсыз қаржы бөлуде. Мобильді қосымшалар және сайттарды құрумен айналысатын компания осындай қолдауға ие болғандардың қатарында. IT компания Қазақстанда баламасы жоқ «Толықтырылған виртуалдық шындық» қосымшасын ойлап тапты. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 5 миллион теңге қаржы жұмсалған. Шығындар толықтай мемлекеттік инновациялық грант есебінен өтелді.  

АЙНҰР ТЕМІРХАНҚЫЗЫ, IT КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

- Жобаны қазақстандық мамандар құрастырды. Көпшілік виртуалдық шындық жобасын біздің елде жасай алмайды деп ойлайды. Моделін де, техникалық құжатын да өзіміз әзірледік. 8 жыл бойы біз нарықта өз тауарларымызды ұсынып келеміз. Сұраныс - жоғары.

Қосымшаны бизнес өкілдері, білім беру мекемелері мен құрылыс саласы жиі пайдаланады. IT мамандар технология көмегімен газет-журнал, қағаз бетіндегі кез келген суретке жан бітірген. Мәселен, журналды ақтарып отырып, оның бейнесін әп-сәтте көруге болады. Тіпті планшет не смартфон арқылы дәмханадағы ас мәзірінен таңдаған тағамыңыздың дайындалу барысын бақылай аласыз. Отандық инновациялар медицина саласына да енгізілуде. Қазақстандық тіс дәрігерлерінің бірі тісті эмальдің табиғи регенерациясының көмегімен емдеу түрін ойлап тапқан. Оны тіске  пломба салмай-ақ жасауға болады. Отандық өнертапқышты қолдау үшін мемлекет тарапынан 40 миллион теңге қайтарымсыз қаржы бөлінген. Бүгінде жаңа әдіс өзге ауруханаларда пайдаланылады.  

ИЛЬГАМА ГАСАНОВА, ТІС ДӘРІГЕРІ:

- Бұрғылаусыз жасалатын процедураға бар болғаны 15 минут уақыт кетеді. Бұл әдіс негізінен балаларға ыңғайлы. Тіс жегінің алдын алуға да болады.

Жаңа жобаларға мемлекет қайтарымсыз қаржының 3 түрін ұсынып отыр. Технологияларды коммерцияландыру - 200 млн теңгеге дейін, кәсіпорындарға технология енгізуге - 400 млн теңгедей грант берілсе, салалаларды технологиялық жаңғыртуға 500 млн теңге қаржы қарастырылған.

МЕДЕТ ДҮЙСЕНБАЕВ, «ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ АГЕНТТІК» АҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бағдарлама 2011 жылдан жүзеге асырылады. Осы күнге дейін 14 млрд теңгеден астам  340 келісім жасалды. Бірінші кезең 16 маусым мен 16 шілде аралығында өткізілді. Сондай-ақ, биыл өтініш берушілерге ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы жылы бірінші кезеңде 63 өтініш өтті.

АСХАТ ЖАПСАРБАЙ, ҚР ИДМ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

- 2013 жылдан бастап инновациялық гранттарға бөлінген жалпы қаражат көлемі 7,1 млрд теңге.  Оның ішінде 211 жоба жүзеге асырылды. Жалпы мұндай гранттар экономиканың инновациялық дамуына бағытталған мемлекеттік қолдау аясында бөлінеді.

Айта кетейік, осы инновациялық жобалар жүзеге асырылған соңғы 3 жылда ел қазынасына  9 млрд теңгеге жуық салық төленген. Сонымен қатар отандық жобаларды сыртқы нарыққа шығаруға да ден қойылып отыр. Бұл бағытта қазір Қытай және Ұлыбританиямен жұмыс жүргізілуде.