Үндістан-Қазақстан: Ақпараттық технологиялар саласындағы әріптестік

Үндістан Қазақстанмен ақпараттық технологиялар саласындағы әріптестікті нығайтуға мүдделі. «Astana Hub» халықаралық стартаптар технопаркінің іске қосылуы жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Қазіргі таңда Үндістанда IT саласы белсенді дамуда. Оңтүстік Азия мемлекеті бұл бағыттағы инновацияларымен бөлісуге әзір. Тәуелсіздік алғаннан бері елдер барлық бағыттар бойынша мықты байланыс орнатып үлгерді. Қазақстандағы Үндістан елшісі Прабхат Кумардың айтуынша, екі ел арасындағы сауда айналымы жыл сайын өсіп келеді. Мемлекеттер инвестициялық байланысты да нығайтып жатыр. Үндістандық компаниялар Қазақстанның энергетика, тоқыма және фармацевтика саласына да инвестиция бағыттауда.

ПРАБХАТ КУМАР, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮНДІСТАН ЕЛШІСІ:

 - Үндістанда IT саласы өте қарқынды дамып келеді. Біздің елімізде ақпараттық технологиялар саласындағы ірі жаһандық компаниялар жұмыс істейді. Астанада «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі іске қосылды. Үндістандық IT-компаниялар Қазақстандағы стартаптарды құрастыруға қолдау көрсетуге әзір. Сондай-ақ екі ел арасындағы экономикалық әріптестік нығаюда. Қазақстан-Үндістан сауда айналымы 1 млрд долларға жетті. Және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Мәдени байланысқа аса ден қойып отырмыз. Мәдени ынтымақтастық орнату аса маңызды.