Қостанай облысында «жасыл экономикаға» көшкен шаруашылықтар саны артып келеді

Қазақстанның барлық облыстарында жаңартылатын энергия көздерін қолдану бағытында ондаған жоба жүзеге асырылуда. Жасыл технологиялар мен баламалы энергия көздерін Қостанай облысының кәсіпкерлері де белсенді қолданып жүр. Күн мен желдің көмегімен бизнесмендер электр энергиясына кететін шығынды 2 есеге азайтқан. Мысалы, мына демалыс орны. Мұндағы «жасыл» технология 1,5 мың шаршы метр аумақты жарықпен қамтамасыз етеді. 4 жыл бұрын алғашқы күн батареяларын іскер әйел Галина Шнайдер орнатқан. Қазір нысан бойында 20-дан астам қондырғы бар. Кәсіпкер, сондай-ақ Болотовтың роторлық жел генераторын сатып алған.

ГАЛИНА ШНАЙДЕР, КӘСІПКЕР:

 - Бізде осындай смарт-жүйе пайда болды. Жалпы, жел мен күн  батареяларынан 5 киловаттан қуат аламыз. Өндіріс кезінде электр қуаты сағатына 6 кВт-қа дейін жетеді. Тиімділігі өте жоғары.

Кәсіпкер баламалы энергия көздерін орнату үшін 5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Әзірге бұл – Қостанай облысының аумағындағы жалғыз «жасыл» жоба. Келесі жобаны жергілікті билік іске асырмақ.

ӘНУАРБЕК КАСИМОВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз Қостанай ауданының жағалауының бойында салынып жатқан саябақ аймағында «смарт орындықтар» орнату жобасын әзірлеп жатырмыз.

Экология мәселесін шешуге электромобильдер өндірісінің септігі мол болмақ. Жергілікті автозауыт алдағы жылдан бастап «жасыл» машиналар құрастыруды сериялық өндіріске шығармақ. Электромобильдердің эксперименттік үлгілері қазірдің өзінде экологиялық және экономикалық тиімділігін көрсеткен. Автокөлікті қуаттандыруға 40 киловатт жұмсалады, ал бұл бензинге қарағанда әлдеқайда арзан.

МИХАИЛС КВЕТНИС, ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз Кеден одағында сертификатталған алғашқы электромобильдердің өндірісін меңгеріп жатырмыз. Аталған көліктердің сериялық негізде құрастырып, бүкіл одақ аумағына жеткізуді көздеп отырмыз.

Ал Алматы қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жобасы аясында электр станцияларының құрылысы басталды. Қалада осындай 19 нысан орнатылды. Сарапшылардың пікірінше, қуаттауға арналған құрылғы соншалықты ықшам, тіпті оны үйде де орналастыруға болады. Айта кетейік, бүгінгі күні мегаполисте 500 электр көлігі тіркелді.

ЕРЛАН ОМАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИИД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Бір көлікті қуаттауға толығымен 5-7 сағат кетеді. Қуаттау құны бір жарым-екі мың теңге шамасында. Жалпы, мұндай электр станциялары сауда орталықтарында орнатылып жатыр. Азаматтарға өте ыңғайлы. Сауда орталығына келіп, көлігін қуаттауға қойып кете алады.

Тағы бір маңызды «жасыл» жобалардың бірі – қалдықтарды сұрыптау зауыты. Оның құны шамамен 5,5 миллиард теңгені құрайды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай технологияларды енгізе отырып, Қазақстанда толыққанды «жасыл» экономиканы дамытуды ынталандыруға болады.