ЭКСПО аумағындағы «Нұр Әлем» павильонында «Роботтар балы» шоуы өтті

ЭКСПО аумағындағы «Нұр Әлем» павильонында «Роботтар балы» шоуы өтті

АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Корея мен Жапониядағы робот техникасының үздік жетістіктері Астанада таныстырылды. ЭКСПО аумағындағы «Нұр Әлем» павильонында «Роботтар балы» шоуы басталды. Мұнда әлемнің жер-жерінен 20 экспонат әкелінген. Көрменің басты жәдігері – гуманоид робот Теспиан. Ол әлемдегі тұңғыш андроид-актер. 40-тан астам тіл біледі. Бұған қоса, кез келген сауалға жауап бере алады.

СУБХОН ЗИЯБАЕВ, «РОБОТТАР БАЛЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - «Роботтар балы» көрмесі 2015 жылы ашылды. Осы уақытта біз Ресей мен Балтық елдерін шарлап шықтық. Мәселен, Ригада болдық. Қазіргі уақытта Қазақстанда заманауи технологияны дамытуға ден қойылуда. Сондықтан біздің роботтарымызға мұнда қызығушылық зор болады деп ойлаймын. Сіздерге келгенімізге қуаныштымын.  

Қоқыстан жиналған трио. Бұл – Санкт-Петерборлық механик-аниматор, белгілі суретші Александр Гецтің туындысы. Роботтар кез келген туындыны орындай алады. Ал мына машина болса, шахматтан ешкімге дес берер емес. Қызығы сол – өзі жалғыз бірден 3 қарсыласпен ойнай береді.  Робот қиындықтың кез келген деңгейіне дайын. Сондықтан онымен бала да, әлемдегі мықты гроссмейстер де ойнай алады.

БАУЫРЖАН ҚҰРМАНОВ, КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ:

-  Адам жүріс жасағаннан кейін жасыл батырмаға басады. Бұдан кейін робот мұны тіркеп, өз жүрісін жасайды. Осылайша үш адаммен ойнай береді. Болашақта төрт ойыншымен ойнайтын болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта топтама жаңа роботтармен толықпақ. Сондай-ақ қала тұрғындары түрлі интерактивті ойындар мен қойылымдарды тамашалайтын болады. «Ақылды роботтар» көрмесі қыркүйектің 26-на дейін жалғасады.