Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері ерекше жобаны жүзеге асырып жатыр - Kazakh TV

Инновациясыз стартап жоқ. Блокчейн мен жасанды интеллект сияқты технологиялар жаңа жобаларды іске асыруға негіз болмақ. Әлемнің жетекші акселератор сарапшылары осындай пікірде. Олар Астана қаласының кәсіпкерлеріне табысты стартап құрудың басты қағидалары туралы баяндап берді. Танымал инвестор Марвин Лиао бүкіл әлем бойынша қызықты жобаларға инвестиция салып келеді. Оның айтуынша, қазақстандық девелоперлердің қызықты идеялары жеткілікті. Оған қоса, оларды іске асыру үшін нақты жағдайлар жасалған.

МАРВИН ЛИАО, ИНВЕСТОР:

 - Қазақстанның мұнай мен газға бай мемлекет екенін білеміз. Ал бұл ресурстардың көмегімен көптеген ірі жобаларды бастауға болады. Қазақстандағы бағдарламаушы мамандарды аса мықты дей алмаймын. Есесіне, бизнес жолға қойылған. Ал Шығыс Еуропада жағдай керісінше. Осыны ескеру керек шығар. Осы екі аймақты байланыстыру арқылы ауқымды халықаралық стартап жобаға қол жеткізуіміз мүмкін.

Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері Жандос Керімқұлов ерекше жобаны жүзеге асырып жатыр. Ол – жерді қашықтықтан зондтау арқылы диқандардың жұмысын жеңілдетуге арналған. Бірыңғай порталда вегетация кезеңі, топырақ ылғалдылығы және өсімдіктердің жалпы жағдайы туралы ақпарат жинақталады. Пайдаланушылар үшін ыңғайлы болуы мақсатында сайтта кері байланыс қызметі бар.

ЖАНДОС КЕРІМҚҰЛОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Агроном бізге тіркелген номерін ғана береді. Сол бойынша біз кабинетке бүкіл мәліметтерді жариялаймыз. Және ол мәлімет бойынша агроном өзінің агрожұмыстарын жоспарлай алады.  

Жобаның тиімділігін арттыруда басты мәнге ие фактор дәл осы кері байланыс, яғни тұтынушы мен өндіруші арасындағы диалог екені белгілі. Сондай-ақ шетелдік сарапшылар әріптестерді дұрыс таңдаудың маңыздылығын айтады. Ұйымдастырушылар стартаперлер мен инвесторлардың осындай кездесулерін жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер