Қазақстанның аграрлық секторында заманауи технологиялар қарқынды ендірілуде - Kazakh TV

Қазақстанның аграрлық секторында заманауи технологиялар қарқынды ендірілуде. Мәселен, Түркістан облысы Шардара ауданында инновациялық әдістердің арқасында 2 есе артық мақта жиналды. Осыған дейін шаруалар әр гектардан 30 центер өнім алатын. Ал тамшылатып суару және полиэтилен жабынды қолданудың негізінде 60 центнерден артық мақта алатын болды. Бұл ретте су мен тыңайтқыш шығыны 3 есеге дейін қысқарған. Бұл  қуаңшылық жағдайында өте маңызды. Айта кету керек, Шардара ауданында жаңа әдіс әзірге 24 мың гектар егіс алқабының 700 гектарында ғана қолданылады.

БАЗАРБАЙ АХМЕТОВ, ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ БАС АГРОНОМЫ:

 - Бізде қытайлық сұрып өсіріледі. Өнімділігі өте жоғары. Жабынмен тамшылатып суару әдісінің арқасында олар 2 апта бұрын  пісіп жетіледі. Бұл су мен жұмыс күшін үнемдейді. Мына жабын арамшөптің жайылуына жол бермейді, ылғалды ұзақ ұстап тұрады.

ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙ, ШАРДАРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Былтыр 50 мың тоннадан астам мақта жиналды. Биыл өнімділік бұдан жоғарылау болады деп отырмыз. 60 мың тоннаға жетеді деген ойдамыз. Былтырғы жылы мақта бағасы 170 теңге болған. Осы жолы да солай болатын шығар.

Ал Қостанай облысының ғалымдары Оңтүстік Кореядан әкелінген картоппен жергілікті тұқымды будандастырудың нәтижесінде күлгін түсті сұрып шығарды. Картоптың жаңа түрі таза органикалық өнім өсірілетін эксперименталды алаңда өсірілді.

ҚҰДАЙБЕРГЕН ХАЙДАРҰЛЫ, ШАРУА:

 - Мен 3 танапта ауыспалы егісті қолданамын. Мысалы биыл мына жерде қара бидай өсіп тұр, келер жылы оны жыртып тастап, парға қалдырамын. Сосын үшінші жылы көкөніс егемін. Қара бидай арам шөптерді жойып, топырақты жұқпалы аурулардан тазартады.

Ғалымдардың айтуынша, күлгін түсті картоптың адам ағзасына аса пайдалы екендігі дәлелденген. Картопта крахмал мен қант аз. Ал адам ағзасына қажетті микроэлементтер керісінше, мол. Жаңа картоптың түрін шаруалар өнеркәсіптің ауқымда өсіруді жоспарлап отыр.

АНДРЕЙ УДОВИЦКИЙ, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Түрлі-түсті картоп түйіршегінде белсенді биологиялық заттар көп. Әсіресе онкологиялық аурудың дамуын тежейтін антоцианин элементіне бай. Бұл картопты жиі тамаққа пайдаланса, қан айналымын жақсартып, көз көру қабілетін арттырады.

Картоптың жаңа түрін ресми тіркетіп, патенттеу үшін құжаттар тиісті орындарға жіберілген. Бұл оны экспорттауға мүмкіндік береді. Айта кетелік, Батыс Еуропада күлгін түсті картоп жоғары бағаланады. Оның бір килограмының құны Францияда 200 евроға тең.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер