Астаналықтар енді темір тұлпарларының тұрақтағы орнын жалға бере алады - Kazakh TV

Астаналықтар енді темір тұлпарларының тұрақтағы орнын жалға бере алады. «Ақылды аудан» инновациялық байқауында «Тұрақ жер» қосымшасы қаржылай қолдауға ие болды. Бұл жоба көлігін қоятын орын таппай,  қаланы шар айналатын жүргізушілерге арналған. Енді қажетті орынның босағандығы жайлы хабарлама телефонға келеді.  Бұл үшін мобильдік қосымшаны жүктеп алу жеткілікті. Мұндай қосымша АҚШ-та бар. Алайда қазақстандық стартаптың ерекшелігі – әр транзакцияның 20%-ның пәтер иелері кооперативінің шотына түсуінде.

ӘНУАР БАЙТҰЛАҚОВ, ЖОБА АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ:

 - Қосымшаның прототипі дайын. Алайда дизайны сынды нәрселерді әлі де жетілдіретін боламыз. Алдымен  Нұрсая-1 және Нұрсая-2 тұрғын үй кешенінде енгізуден бастамақпыз. Ол жерде тұрақ орнын табу өте қиын. Адамдар жұмыстарына дейін жаяу жүреді. Осы кешендерде сәтті жүзеге асырған соң, қаладағы өзге үйлерді қосамыз. 

Бұл байқау Халықаралық сәулетшілер конгресі аясында өткен болатын. Оған 200-ге жуық сәулетші қатысты. Қатысушылар белгілі бір ауданды тұрғындар үшін әлдеқайда ыңғайлы әрі қолайлы етуге тырысты. Енді бұл идеялар біртіндеп енгізіле бастамақ. Конгресс барысында сәулет өнерінің дамуы да сөз болды. Бұл тұста Еуразиялық сәулет академиясын ашу ұсынысы ортаға салынды.

АҚМЫРЗА РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР СӘУЛЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Еуразиялық сәулет жалғыз ғана Қазақстанға арналған емес. Көптеген халықтар келіп жатыр. Академияны осы жерде ашайық деген пікірлерін білдіріп жатыр. Өйткені бұл жаңа қала – болашаққа арналған білім академиясы. Мақсаты – жыл сайын жас сәулетшілердің болашақта қалаларымызды дамытуға жаңа шешімдерді енгізу.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер