Алматы қаласының 3D форматындағы картасы жасалды

Цифрлық инновациялар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстандық мамандар аэрофототүсірудің көмегімен Алматы қаласын сканерлеп, мегаполистің 3D форматындағы картасы жасалды. Енді қаладағы барлық ғимаратқа қатысты мәліметтер ортақ жүйеге топтастырылып, онлайн жүйеге көшірілді. Жаңа құжат 169 қаттамадан тұрады. Цифрлық картадан нысандардың зілзалаға төзімділігі, олардың қандай материалмен салынып жатқаны жөніндегі ақпараттарды таба аласыз.

АЛМАСХАН АХМЕДЖАНОВ, АЛМАТЫ Қ. CӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мысалы, белгілі бір мөлшердегі ыдысқа қанша су құйсаң да, артығы сыймайды. Сол сияқты біз де қала үшін регламент жасадық. Себебі бұл аймаққа нақты көлемде ғана ғимарат салуға болады.

Дизайн-код аясы негізінде белгілі бір ауданда құрылыстың үлгілік нұсқалары да бас жоспарға қосылған. Ол сәулетшілердің қиялын шектемейді, бірақ нысандардың пішіні мен түс гаммасына бағыт-бағдар береді. Бұған қоса, 3D картасы құрылғаннан кейін мегаполистегі кез келген нысан жайлы толық ақпарат алуға мүмкіндік туды. Жаңашылдыққа қазірдің өзінде қала тұрғындары жоғары баға беріп отыр.

АЙНАШ АХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 - Нысанның қай ауданда салынатыны, құрылыс жүргізетін компания туралы мәлімет алу қиын емес. Бірақ халық үшін ең маңыздысы – оның қауіпсіздігі, сейсмологиялық төзімділігі, ауданда болуы мүмкін тосын апаттар. Мен үшін бұл өте маңызды. Осы нәрселер пәтер алушылар үшін ең керегі деп ойлаймын.

Бас жоспарға Алматы қаласының әрбір ғимаратының электрондық төлқұжаты енгізілген. Сондай-ақ онлайн режимде жер-кадастр істерін, пайдалануға енгізу актілер мен басқа құжаттарды да тіркеуге болады. Болашақта осы бас жоспардың негізінде барлық жобалаушылар мен құрылысшылар жұмыс істейтін болады. Оның көмегімен жұмыс барысын қадағалауға мүмкіндік туады.