Отандық балық өсірушілер заманауи технологияларды қолданысқа енгізе бастады. Шығыс Қазақстандағы 20 шаруашылық бекіре, арқан балық пен тұқы тұқымдас балықтарды өсірудің тың әдістерін сынақтан өткізуде. Жергілікті мамандар қызыл кітапқа енгізілген балық түрлерінің тауарлық өндірісін жолға қоюды мақсат етіп отыр. Сүйрік пен бекіре жабық тоғандарда өсіріледі. Сондай-ақ мамандар жергілікті өзен-көлдердегі алабалықтың санын көбейтуге де өз үлестерін қосып отыр. Бұл үшін Ертіс жағалауында су қоршаулары орнатылды. Шабақтар арнайы бекітілген кесте бойынша белгіленген суақытта қоректендіріледі. Алдағы желтоқсан айында балық өсірушілер 100 тонна дайын өнім алуды көздеп отыр.

ВЯЧЕСЛАВ АСАНОВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл тоғанды балықтарға толтыру керек, өйткені мұнда қоректендіру базасы өте бай, биопланктондар өте көп, мұны алабалықтың тез салмақ қосқанынан-ақ байқауға болады.

Бағалы балықты өсіруді қолға алған шаруашылықтар аймақтағы Зайсан, Бұқтырма және Өскемен су қоймаларын балыққа толтырды. Суға 5 млн шабақ жіберілген. Бұл шабақтардан биыл 100, келер жылы 300, оның арғы жылы 1 мың тонна балық аулауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ шығысқазақстандық шаруашылықтар Зайсандағы көксеркенің өсіп-өсуіне жағдай жасамақ.

СЫМБАТ ӘНУАРБЕКОВ, «ҚАЗАҚ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Біз көксерке шабақтарын шығарып, тауарлы балық алуды мақсат етіп отырмыз. Алда Ауыл шаруашылығы министрлігімен тиісті келісімге қол қойылады.

Сонымен бірге алдағы 7 жылға арнап Зайсан көлінің балық қорын толтыру бағдарламасын жасау көзделген. Жобаны шаруашылықтардың өздері қаржыландыруға дайын. Уақыт өте келе өнімді көрші елдерге экспорттауға болады, сондықтан жобаның әлеуеті мол, дейді жергілікті мамандар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер