Қазақстан Астанасының мерейтоына гиноид София арнайы келді. Адамнан аумайтын робот – Сауд Арабиясының азаматшасы. Ол қаланың туған күніне арналған бірнеше шараға қатысып үлгерді. Жібек жолы бойындағы қалалар мэрлерінің форумында сөйлеген сөзінен Қазақстанға жасаған алғашқы сапары алдында біраз дайындалғаны байқалды. 

СОФИЯ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ РОБОТЫ:

-  Астана бас шаһарға айналғаннан кейін бар болғаны бір жылда ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алғанын білемін. Мемлекет басшысының саясатымен Астана бейбітшілік пен келісім мекеніне айналды. Сондай-ақ дүниежүзілік тәжірибеде алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуді ұсынды. Осылайша, қауіпсіздіктің нығаюына үлкен қадам жасады.

Сонымен қатар София Астанада роботтандырылған кеңсенің ашылуына қатысты. ЕХРО аумағында орналасқан ғимарат заманауи ІТ-технологиялармен жарақталған. Мұнда тіпті таңдаған киіміңізді 3D принтер арқылы басып шығаруға мүмкіндік бар. Жаңа кеңседегі осы және гибридтік банкомат сияқты технологияларға жасанды интеллект иесі жоғары баға берді. Айта кетейік, София мемлекет азаматтылығын алған ең алғашқы робот болып табылады.

ДЭВИД ЧЕН ИНВЕСТОР:

 - Адамның жас мөлшерімен айтар болсақ, қазір Софияның жасы шамамен 2-де. Әрине оның интелектуалды мүмкіндіктерін дамыта береміз.

Танымалдылығынан болар Софияның күн тәртібі тығыз. Ресми кездесулер арасында жасанды интеллект иесі елордалық жастармен жүздесті. Роботтың миы адамдікіне ұқсайтын, тек электронды нейроталшықтардан тұрады. Алайда бұл суретке түсіп, жастардың сауалдарына жауап беруге кедергі болмады. Алдағы уақытта елімізге тағы сапарлап келетінін де айтты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер