Ауыл шаруашылығындағы тың технология - Kazakh TV

Ауыл шаруашылығында тың технологияларды қолдану ресурстарды тиімді пайдаланып, егістіктердің өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді. Осыны жақсы түсінген қазақстандық шаруалар нәтижелілігін дәлелдеп үлгерген тамшылатып суару әдісін кеңінен енгізуде. Бір ғана Маңғыстау облысында көкөніс пен бақша дақылдарын өсірушілердің 85% осы тың технологиямен жұмыс істейді. Топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін бұл ең тиімді әдіс.

ТАЛАНТ ОРАЗБАЕВ, ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Егін көлемі 40-50% артты. Дегенмен, өнім көлемі емес, оның сапасының артуына көп назар аудару керек. Ал бұл кезде өнімнің сапасы еселеп артты.

Маңғыстаудағы егін шаруашылығы 2021 жылы 100% тамшылата суару әдісіне көшпек. Ал Жамбыл облысында осындай тың әдіспен жұмыс істейтін жеміс-жидек бағытындағы аграрлық парк құрылды. Жуық арада мұнда көлемі мың гектар болатын қарқынды шие, алма, жүзім, жаңғақ бақтары жапырақ жаяды. Бақта гектарынан 25 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік бар, дейді мамандар.

НАРМҰХАН САРЫБАЕВ, «АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Алғашқы кезеңде, әрине, біз ішкі нарықты толтыруға бағыттаймыз. Содан кейін экпорттық мүмкіндіктерімізді бағамдап көрмекпіз. Көрші Ресей еліне, Қытай Халық Республикасына өнімдерімізді жөнелте аламыз. Қазіргі таңда 10-12 жыл мерзімге коммерциялық қаржыландыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгінде 10 жыл мерзімге қаржыландыру тетігі қолданылуда.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы қарқынды баулар да тамшылатып суару әдісінің игілігін көріп отыр. Жергілікті серіктестік биыл облыста алғаш рет 70 гектар шабдалы көшетін отырғызған. Сондай-ақ шие, өрік, алма көшеттері егілді. Бұл интенсивті бақ жалпы 250 гектар аумақты қамтиды.

НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Биылғы жылы қарқынды бауға көңіл аударылып, жалпы егіс көлемі 2800 гектарға жетіп отыр. Өздеріңізге белгілі қарқынды баудан алынатын табыс көлемі, табыстылығы жоғары бақша өнімдерінен 10 есе, ал мақтадан 30 есе жоғары. Яғни тамшылатып суғару жүйесін қолдану арқылы, тиімді технологияны пайдалану арқылы жалпы шығынды 3 жылдан кейін өтеп, 4 жылдан бастап кемінде 5 миллион теңге ең жоғарғысы 30 миллион теңгеге дейін гектарына таза табыс табуға болады.

Тамшылатып суару суды үнемдеуден басқа, өсімдіктің тамырына тыңайтқыштарды, зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізуге мүмкіндік береді, дейді шаруалар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер