Өсімдік шаруашылығын цифрландыру

Өсімдік шаруашылығын цифрландыру

Қазақстанда егін салатын ең ірі 9 шаруа қожалығы цифрлық жүйеге көшті. Қанатқақты жобаға Қарағанды облысынан екі шаруашылық енген. Олар биыл алғаш рет сынақ түрінде 500 гектар егістік алқаптың электронды картасын жасап, сол бойынша дәнді-дақыл сіңірді.

Ерлан Махмедовтың тракторшы деген аты болмаса, «ақылды техника» барлығын өзі жасайды. Жұмысты компьютерге жүктесе болғаны.

ЕРЛАН МАХМЕДОВ, ТРАКТОРШЫ:

 - Жылдамдыққа салып жібергеннен кейін, өзі спутник арқылы жүреді. Кондиционер, климат конроль, не керек, бәрі бар. Жақсы трактор. Бұрынғы К-700-пен сепкенде 70 гектар ғана себетінбіз күніне, ал мына жаңасымен 200 гектарға көбейді.

Қазір бұл шаруа қожалығында егін салатын дәл осындай 18 кешен бар. Онымен 37 мың гектар алқапты аз уақытта игеруге болады. Бірақ ол үшін ең әуелі егінжайдың электронды картасын жасау керек. Шаруашылық әзірге 500 гектар алқапты сандық технологияға көшірген.    

ГЕОРГИЙ ПРОКОП, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Сандық технология ең әуелі еңбек өнімділігін арттырады. Екіншіден, материалдық шығындарды азайтып, қаржы үнемдеуге мол мүмкіндік береді. Тыңайтқыш, гербицид, жанар-жағармай бұрынғыдай бей-берекет емес, нақты есеппен, аз жұмсалатын болады. Келешекте біз барлық егінжайды цифрлық жүйеге көшіруді жоспарлап отырмыз.

Әуелі алқаптың нақты көлемі анықталып, кейін барлық дерек спутник арқылы бидай себетін кешендерге жіберіледі. Ал «ақылды техника» егістік алқаптың әр гектарына қанша тыңайтқыш, гербицид себу керек, жердің ылғалдылығы қандай, тұқымды қанша тереңдікке салу керек деген жұмыстарды автоматты түрде жүзеге асырады.

ВЯЧЕСЛАВ ТЯПЫШЕВ, ПРОГРАММИСТ:

 - Бірінші бағдарлама техниканың жүру жолын, екіншісі егін егуді қадағалайды. Яғни, температура, топырақтағы ылғалдың мөлшерін бақылап отырамыз.

Қазір облыста өсімдік шаруашылығын цифрландыруға 4 бірдей шаруа қожалығы бет бұрса, соның 2 республикалық жобаға енген. Келешекте мол өнім алу үшін өңір диқандарының барлығы бірдей жаңа технологияны игеру керек, - дейді ауылшаруашылық басқармасындағылар.