Астананың 20 жылдығына орай «Ақпараттық технологиялар әлемінде» халықаралық байқауы жарияланды. Үздік веб-бағдарламашы, компьютерлік графика мен анимация дизайнері атану үшін Қазақстан мен Ұлыбританияның студенттері бәсекеге түседі. Ұлыбританиялық конкурстық жұмыстар Астана қаласында, ал қазақстандықтардікі Тұманды Альбионда қаралатын болады. Іс-шараның мақсаты –  ІТ-технологиясы саласындағы дарынды жастарға жол ашу, сондай-ақ зияткерлік және шығармашылық мүмкіндіктерді көрсету үшін жағдай жасау.

КИЗ КОУЭЛ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Кейбір қатысушылар өте жас – 11-12 жас аралығында. Бірақ оған қарамастан жұмыстары өте жақсы. Байқау Ұлыбритания және Қазақстан жастарының басын біріктіреді. Олар бір-бірінің жұмыстарын көргісі келеді.

МЭТ МОРТЕН, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Мен көрген жұмыстар керемет. Үздік 3-4 қатысушының арасынан жеңімпазды анықтай алмай абдырап қалғаным бар. Астанадан қатысып жатқан қазақстандық студенттер елордаларын мақтан тұтатындығы еңбектерінен көрініп-ақ тұр.

Болашақ IT мамандар әрбір аталым үшін «Түнгі қала», «Туған өлке», «Жыл мезгілдері», «Менің болашақ мамандығым» және басқа да тақырыптар ұсынды. Қазылар алқасы үздік жұмыстарды жаңашылдық, ой тереңдігі,  сапасы мен техникалық күрделілігі сияқты талаптар бойынша сараптап шықты.

УОЛТЕР МАСКЮРА, СИТИ ВЕСТМИНСТЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Біз колледждің IT департаментімен бірлесе компьютерлік кодтар тілін пайдалана отырып, веб-сайт жасадық. Байқауда жеңімпаз атану үшін мен мүмкіндігінше шығармашылығымды көрсетуге тырыстым.

ДЖОРДАН БУШЕР, СИТИ ВЕСТМИНСТЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Мұғалімдерімізден байқаудың тұжырымдамасы туралы естігенімде қызығушылығым пайда болды. Сөйтіп сайысқа қосылуды ұйғардым. Егер мен жеңіске жетсем, түйіндемеме және университетте оқуымды жалғастыруыма көп септігі тиетін болады.

НАЯМ РАХМАН-ЛЬЮИС, СИТИ ВЕСТМИНСТЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ

 - Мен жеңімпаз болғым келеді. Қатысушылардың көп екендігін білемін, бірақ өзімді де бәсекеге қабілеттімін деп есептеймін.

Байқау қорытындысы бойынша үздік автор және авторлық ұжым анықталмақ. Жетекшілері және жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар халықаралық үлгідегі диплом және сертификаттармен марапатталатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер