Алматы облысында термалды жылыжай кешендері салынуда - Kazakh TV

Қазақстанның жылыжай шаруашылығында инновациялар қарқынды түрде енгізілуде. Мысалы, Алматы облысында термалды жылыжай кешендерінің жұмысы жолға қойылуда. Ыстық минералды су тұрақты микроклиматты ұстап тұруға және мол өнім жинауға мүмкіндік береді. Барлық жылыжайлар  халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Ал минералды тыңайтқыштар алдын ала енгізілген бағдарлама бойынша беріледі.

АРТЕМ ДЫДЫКО, ТЕХНОЛОГ, УКРАИНА:

 - Аз көлемді технология. Аталмыш технологиялар жасанды субтратта көкөніс өсіруге негізделген, барлық нәрлі заттар біркелкі теңестіріліп, дайын тыңайтқыш ерітінді түрінде беріледі. Ол экологиялық тұрғыдан таза. Себебі бұл көкөністе нитрат жоқ. Біз тек өсімдікке қажетті затты ғана береміз.

Жиналатын өнімнің тауарлық партиясы аптасына 20 тоннадан құрайды. Қызынақ пен қияр тек Қазақстан нарығынан басқа, шетелге де жеткізілуде. Көкөністің үштен бір бөлігі Ресейге экспортталады. Мамандар алдағы уақытта термалды жылыжай кешендерінің ауданын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Соңғы 2 жылда Алматы облысында 10 гектар жерге осындай кешендер құрылған.

ҚҰРАЛБЕК БЕКМҰХАНБЕТОВ, ҰЙҒЫР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Биылғы жылы тағы 6 гектар жерде жаңа жылыжай құрылысын бастаймыз. Инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Жылыжайларды кеңейтеміз. Біз кешендерге арнап 100 гектар бөлдік, оған 3-4 фирма кіріп отыр.

Жыл бойы өнім беретін алғашқы жылыжай Қарағанды облысында да пайда болды. Мұнда экологиялық таза қияр өсіріледі. Өнімге деген сұраныс тұрақты болғандықтан, кәсіпкерлер жылыжай аумағын 700 шаршы метрге дейін ұлғайтып, өнім ассортиментін кеңейтеміз деп отыр.

АЗАМАТ ОРАЛТАЙҰЛЫ, КӘСІПКЕР:

 - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университетінің ғалымдары келіп кеткен. Ол кісілер біздің білмегенімізді көрсетіп, үйретіп, тәжірибелерімен бөлісті. Оқу курстарына шақырып жатыр. Яғни біз ол кісілермен ғылыми тұрғыда жұмыс жасасақ па деген ойдамыз.

Мемлекет қолдауының, инновациялық технологиялар және білікті кадрлардың арқасында елімізде жылыжай өндірісін кеңінен өрістетуге мүмкіндік беріп отыр, дейді аграршылар. Нәтижесінде, жеміс, көкөніс өнімдерінің импорты азайып, жергілікті нарықтағы өз өнімдеріміздің үлесі артты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер