Цифрландыру – жаһандық дамудың мегатренді

Цифрландыру – жаһандық дамудың мегатренді

Cандық технологияларды кәдеге жаратып, шарапатын тату әлем елдерінің ұстанған басым бағыттарының бірі.  Цифрландыру – жаһандық дамудың 5-ші мегатрендіне айналды. Астана экономикалық форумында Елбасы осылай деп атап өткен болатын. Сондықтан саммитке тұздық болған тақырыптардың бірі – мемлекеттік басқаруды цифрландыру. Төрткүл дүниенің заманауи  көшінен Қазақстан да қалыс қалмай, электронды үкімет жүйесін кешенді түрде ендіріп жатыр. Бірегей бастама үнем мен тиімділік қана емес, қоғам сенімін тудырудың таптырмас тетігі. Форумға қатысқан халықаралық сарапшылар замануи технология экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деген пікірде.

АЛЕК САНДР МЕЛИКИШВИЛИ, САРАПШЫ:

 - Қазақстандағы цифрландыру мемлекеттік қызметті жетілдіріп, дамыта түседі. Мен бұл заманауи үрдістің елдерге әкелер сын қатері тұрғысынан қараймын. Қазақстанда осымен 11 жыл қатарынан халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүйесі дамып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Бұл орайда мемлекеттің дамуы жолында адам ресурсын пайдаланған аса маңызды.

Қазақстанда сандық басқарудың жүзеге асырылған бір түрі – «Электрондық үкімет».  Egov шеңберінде «Ашық мәліметтер», «Ашық бюджеттер», «Ашық диалог» және «Мемлекеттік орган қызметтерінің тиімділігін бағалау» деп аталатын бағыттардан тұратын «Ашық үкімет» модулі қалыптасты. Жалпы 2015-2017 жылдар аралығында электрондық үкіметтің порталында 37 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Айта кетейік, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру арқылы еліміз 2022 жылға қарай әлемдік ақпараттық-коммуникациялық технологиялар индексінде 30-орыннан көрінуді көздейді.