«Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркі

«Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркі

Қазақстанның үздік стартап командалары өздерінің ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларын ұсынды. «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі «Garage» атты алғашқы акселерациялық бағдарламаны қорытындылады. Стартаптарды дамыту жобасы 3 айға жалғасқан болатын. Бұл уақыт ішінде бағдарламаға қатысушылар іскерлік байланыстарын нығайтып, маңызды кеңестер ала алды. Сондай-ақ олар өз жобаларын «ЭКСПО-2017» аумағындағы офисте жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. «Demo Day» барысында командалар жасалған жұмыстың нәтижелерімен бөлісті. Мұнымен қоса, бұл күні идеялармен танысып, түрлі сауалдарға жауап алуға болды. Стартап жобалар виртуалды шынайылық, жасанды интеллект және «маркетплэйстер» сынды бағыттарға арналған. 

МАҒЖАН МӘДИЕВ, «ASTANA HUB» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ IT-СТАРТАПТАР ТЕХНОПАРКІ КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізге барлығы 13 жоба түсті. Кейбір жобалар өте қызықты, олар өзге де бағдарламаларға қатысатын болады. Мәселен, біздің 3 түлегіміз «Смарт жолы» бағдарламасына өтті. Олар Сингапурге барып, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бизнесті дамытумен айналыспақ. Біз олармен байланысымызды үзбей, олардың жетістіктерін бақылап отыратын боламыз. Акселератордан бөлек бізде өзге де қолдау бағдарламалары бар.

НИКИТА СИНЬКОВ, БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСУШЫ:

 - Біз толық циклды билеттік платформа жасаймыз. Бұл, тіпті, Қазақстан үшін ерекше софт деуге болады. Яғни билеттерді сатудың орталықтандырылған жүйесін жасау мүмкіндігі. Бұл ұйымдастырушылар үшін ғана емес, үкімет үшін де тиімді. Ұйымдастырушы үкіметпен бірге жұмыс істеп, билеттердің сатылуы жайлы ақпарат пен есеп алатын болады. Біз ол есептің әрдайым дұрыс болатынына кепілдік береміз. Сондай-ақ ұйымдастырушылар үшін бұл өз кассаларын, онлайн сатылымдарды қадағалау мүмкіндігі.

Astana Hub халықаралық технопаркінің басты мақсаты – IT кәсіпкерлік пен жалпы инновациялық технологияларды дамыту. Жоба үздік әлемдік тәжірибелерге сүйене отыра жүзеге аспақ. Оны құру идеясы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында айтылған болатын.