Теңіз шекарашылары сандық үлгіге көшті

Теңіз шекарашылары сандық үлгіге көшті

Заман талабына сай зияткерлік армия. Бүгінде ел әскері ең озық құрал-жабдықтармен жарақталған. Жақында Маңғыстау теңіз шекарашылары тестілеу режимінде геоақпараттық жүйемен жұмыс істеуге көшті. Электронды картада жағалау күзеті аймақтық басқармасына қарасты әскери құрылымдар мен барлық түрдегі техникалардың координаттары көрініп тұрады. Яғни, шекара бұзу дерегі тіркелген жағдайда бірден белгілі болады. Сандық үлгідегі геоақпараттық жүйе әуе, құрлық және судан келер қатердің бетін қайтаруға мүмкіндік береді. Шекарашылар бұған дейін қағаз карталарды пайдаланып келген еді. Сәйкесінше, ұйымдасқан жауынгерлік іс-қимылдардың дайындығына да көп уақыт жұмсалатын.

НАЗАР РАХИМОВ, ҚР ҰҚК ШК ЖАҒАЛАУ КҮЗЕТІ АЙМАҚТЫҚ БАСҚАРМА ШТАБЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

- Мәселен, шекаралық бақылау бекеттерінің бірі теңіз бетінде күдікті су көлігін байқап қалды делік. Сол мезетте оның координатасы цифрлық геоақпараттық жүйеге енгізіледі. Электронды картада сол маңда жүрген барлық кемелер мен тікұшақтардың да координаталары көрініп тұрады. Яғни, сандық үлгідегі карта штабтың тез шешім қабылдап, шекара бұзған қайықты ұстау үшін жасақ аттандыруға жұмсайтын уақытын үнемдейді.

Осы Маңғыстау облысындағы Баутино портында еліміздің теңіз шекара флоты үшін жаңа айлақ салынуда. Алғаш рет қолға алынған отандық жоба Түпқараған ауданында жүзеге асуда. Теңіз кешенінің жалпы көлемі 3 шаршы шақырымды алып жатыр. Мұнда таяу жылдары бірнеше инженерлік құрылымдар мен қоймалар тұрғызылады. Ал сумен шектесетін бөлігіне бір мезгілде 10 әскери кеме тоқтай алады. Жауынгерлік теңіз айлағының құрылысы өткен жылдың соңында басталған. Страгетиялық маңызды нысан келер жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.

ТАЛҒАТ ТӨРЕБАЕВ, ҚР ҰҚК ШК АЙМАҚТЫҚ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Келешекте мұнда 200-ші, 300-ші жобалар бойынша отандық зауытта құрастырылған әскери кемелеріміз аялдайтын болады. Ескі айлақтың тар болуы себепті бұрын катерлер мен кораблдер 2-3 қатар болып тұратын. Белгіленген тәртіп бойынша олар бірінің артына бірі тізіліп бір сапта тұруы керек. Енді осы олқылық мүлдем жойылатын болды.

Айта кетейік, Баутино порты шекара күзетінің кемелеріне Каспийдің оңтүстік және солтүстік бөлігіне жылдам шығуға мүмкіндік береді.