Заман талабына сай. Қазақстанда электрондық декларациялау ісі сәтті дамытылуда. «Астана-1» ақпараттық жүйесін енгізуден қазірдің өзінде нәтиже бар. Биыл ол ел бюджетіне 12 млрд теңге пайда түсірмек. Атап өтерлігі, жоба «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында іске асырылуда. Электрондық декларациялау сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, әлемнің кез келген нүктесінен кеден декларациясын рәсімдеуге мүмкіндік береді. Жаңа бағдарлама кеден қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету әрі ірі көлемде тауар өндіріп, экспортқа жөнелтетін компаниялардың уақытын үнемдеуге арналған.

ОЛЬГА ТЕПЛУХИНА, АВТОКӨЛІК ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫНЫҢ КЕДЕНДІК ӨКІЛІ:

 - Біз кедендік органға бармаймыз, ал тауарды рәсімдеу 1 минуттай ғана уақыт алады.

КУАНЫШ ШАЖАНБАЕВ, ҰН ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯНЫҢ КӨЛІК ЛОГИСТИКАСЫ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

Біз үшін өте тиімді. Бұрын барлық құжаттарды қағаз жүзінде толтырып, тапсыру үшін осында келетінбіз, оны инспектор тексеретін. Қазір бәрін онлайн жасаймыз.

 «Астана-1» көпфункционалды және кешенді ақпарат жүйесі Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына, халықаралық талаптарға сай және озық тәжірибе негізінде әзірленіп, кезең-кезеңмен енгізілді. Ал сәуірдің басында толықтай іске қосылды. Осы уақытта 16 мыңнан аса декларация толтырылған. Соның 90 пайызы кеден қызметкерінің қатысуынсыз іске асты. Олар тек сұрақ туындаған жүктер мен құжаттарды ғана өздері тексереді.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

 - Яғни тауарларды шығару туралы шешім қабылдауда адами факторды барынша азайттық. Автоматтандыруды іс жүзінде енгізу декларанттың бұрын брокерлік бағдарламаларды, кедендік брокерлік қызметтерін, уақытша сақтау қоймаларында сақтауға жұмсаған шығыстарын айтарлықтай азайтуға тиіс.

Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, бизнестің шығындары азайып, тауар айналымын арттыруға мүмкіндік көбейеді. Бұл 2025 жылға қарай ел қазынасына 20 млрд теңгеден астам қосымша түсім жасауды қамтамасыз етеді. Электрондық кедендік декларациялаудың келесі кезеңінде «Астана-1» жүйесін басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен кірістіру көзделген.

МАЙНУРА ШЕТЕНОВА, «АСТАНА-КЕДЕНДІК РӘСІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» БЕКЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Кейбір тауарларды әкелгенде қосымша құжаттар қажет болып жатады. «Бір терезе» қағидаты шеңберінде жүйелерді өзара кірістіру құжаттарды сұрамай, сол органның жүйесіне қосылып, өзімізге тексеруге мүмкіндік береді.

Кедендік бекеттерде ақпараттық жүйенің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тұрақты байланыс арналары, соның ішінде жерсеріктік байланыс қажет. Осы мақсатта өткізу қосындары интернет желісіне қосылатын болады.

Сондай-ақ автокөлік өткізу бекеттерінің барлығын жаңғырту жоспарланып отыр. Жүк көліктері тоқтатылмайды, жүйе мәліметтерді өзі жинап, өзі өңдейтін болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер