Жасанды интелектпен жұмыс жасайтын тігін құрылғылары, үш деңгейлі боди-сканер мен 3D модельдеу жүйелері. Қазақстанның жеңіл өндіріс саласы кәсіпорындарына сандық жоспарлау технологиясының заманауи үлгідегі автоматтандырылған жүйелерін ендіру жоспарланып отыр. Инвестициялар және даму министірлігі өкілдерінің айтуынша, иновациялар еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс шығынын айтарлықтай азайту сынды үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мамандардың айтуынша, ендірілетін жаңашылдықтар баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, отандық өнімдердің ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін еселей түседі. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің мәселелері мен даму әлеуеті Астанада өткен жиында сөз болды. Кездесу ведомство мамандары, бизнес өкілдері мен салалық білім беру мекемелерінің оқытушылары мен ғалымдардың басын қосты. 

БЭЛА ӨМІРӘЛИЕВА, ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИЗНЕС ҚАЗАҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Біздің тігін өнеркәсібі тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Бүгінде ішкі нарық Қытай, Турция, Белоруссия, Украина, Ресейдің импортына толып тұр. Біз қазір еліміздегі тігін фабрикаларының өнім аталымдарының артуымен қатар сапасын жақсарту төңірегінде жұмыс жасап жатырмыз. Олар нарықта өзінің лайықты орындарын алып, шетелден келетін өндірушілердің  тауарларымен бәсекеге төтеп беруі тиіс. Отандық өнімді халыққа кеңінен таныту үшін жәрменкелер мен киім үлгілерінің көрсетілімдерін ұйымдастырамыз.

Отандық тоқыма өнімдері бірінші кезекте ішкі нарықтың сұранысына ие болып, толықтай өзімізді қамтамасыз етуге жеткілікті әрі сай болуы керек, дейді мамандар. Ол үшін елімізде «Дизайн және технология институты» индустриялық-ғылыми орталығын ашу көзделген.

БЭЛА ӨМІРӘЛИЕВА, ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИЗНЕС ҚАЗАҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

-  Дизайн және технология институтын құрудағы басты мақсат – тігін саласындағы сұранысқа ие болады деген өнімдерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жаңа үлгілердің жобаларын жасау. Кейін осының негізіндегі жетістіктермен тігіншілікпен айналысатын бизнес өкілдерімен бөлісетін боламыз. Өнімді әзірлеп пішуден бастап, тұтынушыға сатуға дейін қолдау көрсететін боламыз. 

Институт жанынан әлемдік озық үлгіде құрылғылармен жабдықталатын материалтану зертханасын құру да жоспарда бар. Сондай-ақ орталықтың қабырғасында ғылыми-техникалық кітапхана ашылмақ. Оның жұмысына халықаралық деңгейдегі тәжірибелі шетел мамандарын жұмылдырылатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер