Қазақ ғалымдарының тың жобасы ғарышты шарлайды

Қазақ ғалымдарының тың жобасы ғарышты шарлайды. Биыл елімізде отандық жасанды жер серігін  ұшыру жоспарланып отыр. Сәтін салса осы жазда алғашқы наноспутник АҚШ-тың Falcon-9 зымыран кешенімен  ғарышқа жол тартпақ. Жаңа құрылғы жердің магнит өрісін зерттеп, қазақстандық сейсмологтарға жер сілкіністерін болжауға көмектесетін деректерді жолдайды. Қазір аталған жоба Астанадағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығында сынақтан өткізілуде.

ТИМУР БӨПЕЕВ, ҒАРЫШ ЖҮЙЕЛЕРІН ӘЗІРЛЕУ ЗЕРТХАНАСЫ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- ПупСат форматындағы наноспутник контейнерге орналастырылып, үстінен қақпақпен жабылады. Осы контейнер арқылы орбитаға шығу жүзеге асырылады. Ғарыш аппараты бөліну  нүктесіне жеткенде контейнердің қақпағы ашылып, төменгі жағындағы қозғаушы күш бұл құрылғыны ашық ғарышқа итереді.

Айта кету керек, 9 жыл бұрын құрылған Ғарыштық техника және технологиялар институты – өзін-өзі қаржыландыру көлемі 72 пайызға жеткен отандық компаниялардың бірі. Жерсерігін жасауға кіріспес бұрын мұнда жоғары технологиялық өнімдер шығарылды. Жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесі, жылу желілері үшін деректерді жинау және модемдер 5 жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап келеді.Қазір институтта апаттар және төтенше жағдайлар кезінде шұғыл қоңырау жүйесін тестілеу аяқталып жатыр. Оны келесі жылдың басында іске қосу  жоспарланып отыр.